Кейіпкерлер тағдыры тосынсыйларға толы алғашқы қазақстандық «Перекресток» («Тоғысқан тағдырлар») телесериалы көпшілігінің есінде болар. Атыраудағы жол қиылыстарында да солай, бірнеше секундтардан кейін алдыңда не күтіп тұрғаныңды білмейсің. «АЖ» жол-көлік апаты жиі болатын бірнеше қауіпті қиылысты назарларыңызға ұсынады.
Алдымен Геолог-Атырау тас жолдарының қиылысына келдік. Біз барғанда мұнда көлік қалдықтары шашылып жатты. Жүргіншілердің айтуларынша, мұнда бір сағат бұрын екі көлік соқтығысқан екен. Ал өткен айда жаяу жүргіншілер жолында жолаушыны қағып кеткен болатын.
Сұлтан Бейбарыс даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысы. Бұл қиылыста Нұрсаяға баратын көліктер мен қала сыртынан келетін жүк көліктері жолға сыймай, кептеліс түзіледі. Екі жолақты жолды үш жолақ қылып тұрып алатын көліктер жылдамдықты асырып, соның салдарынан жол-көлік апаты жиі орын алады. Әрине, содан кейін қайтадан кептеліс болады.
Авангард ықшам ауданындағы соңғы аялдама. Мұнда Құрманғазы-Владимирский көшелерінің қиылысында жеңіл жол-көлік апаттары жиі орын алады.
- Тіпті, жұмысқа асыққан кезде көлігімізді өзге көлік жырып кетсе де үндемейтін болдық, - дейді Абзал есімді көлік жүргізуші.
«Мерей» базары маңында орналасқан Құрманғазы-Луговоя көшелерінің қиылысында бірнеше бағдаршамдар мен жол белгілері, жүргіншілер бағдаршамы да орнатылған. Алайда, жол белгілері бола тұра, мұнда да қарсы жолаққа шығып кетіп, жылдамдықты асыру салдарынан жол-көлік апаты жиі болады. Сонымен қатар, Сәтбаев көшесінің жолына түсу үшін көпірден түскен көліктер солға бұрылуға тырысады, ал қарсы бағытта келе жатқан көліктер көпірден түскен көлікке жол бермегендіктен жол апаты болады.
Гагарин-Тайманов көшелерінің қиылысы. Төрт жолақты жолда жылдамдықты асырған жүргізушілердің іс-әрекетінен жергілікті тұрғындар да мезі болған. Осы маңда тұратын Люба әжейдің айтуынша, түнде көліктің шыңғырған даусынан ұйықтау мүмкін емес екен.
Атырау облыстық ІІД мәліметінше, жол апатынан 2016 жылы 55 адам, ал биыл жыл басынан бері 42 адам көз жұмған екен. 2016 жылы - 266, 2017 жылы - 223 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жарбосынов-Молдағұлова көшелерінің қиылысы кең болса да, жол апаттары жиі болады. Бұл жерде осыдан бірнеше жыл бұрын мұнай компаниясының автобусы тұрғын үйге соғылғаны көпшіліктің есінде болар.
Авангард-Жұмыскер-Балықшы-Еркінқала. Үш бағыттағы көліктерден жол апатынан бөлек, жол кептелісі жиі орын алады. Бағдаршам орнатылса да, кейде жүргізушілер қызыл сигнал жанғанда тоқтамас үшін қауіпті жағдайларды тудырады.
Балықшыдағы Қожақаев-Құнанбаев көшелерінің қиылысы. Бұл қиылыстан қала жүргізушілерінен бөлек үлкен жүк көліктерін жиі кездестіресіз. Жүк көлігінің арғы жағындағы жеңіл көліктерді қарсы бағыттағы жүргізушілер көрмей қалып жатады. Бағдаршам орнатылғаннан бері мұнда жол-көлік оқиғалары азайған.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор