Мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінетін ақша көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр жергілікті бюджеттен 89,5 млн теңге бөлінсе, биыл 251,5 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл туралы Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА брифингте хабарлады.
- Бұл ата-аналардан ақша жинау фактілерін жою үшін жасалып отыр. Мәселен, бұрын бір мектептің ағымдағы жөндеуіне бөлінетін сома 400 мың теңгеден аспайтын болса, енді биыл 1,5 млн-ға дейін бөлдік.
Сондай-ақ, Сайлауова мектептерде өтетін әр түрлі мерекелік шаралар және жаңажылдық кештерде ата-аналардың өздерінің тарапынан ақша жинау фактілері кездесетінін, алайда оған жол бергізбеуге мектеп директорларына тапсырмалар беріп жатқандарын айтты.
- Біздің басқарма мен қалалық білім бөліміне мектептерге ақылы цирктер мен қойылымдарды өткізуге көп өтініш түседі. Екі жыл болды, біз мектептерде ақылы шараларға рұқсат бермейміз. Мәселен, былтырғы Жаңа жылда Аяз ата мен Ақшақарды ұстаздардың өздері сомдап шықты. Сырттан ешкімді шақырған жоқ. Біздің басқармада 35-43-27 сенім телефоны жұмыс жасайды. Егер білім беру ұйымдарында қандайма бір фактілер орын алса, осы телефонға нақты қай мектептен және кімнің тарапынан болғаны жөнінде хабарлай аласыздар, - дейді Сайлауова.
Сондай-ақ, ол келер жылдан бастап балабақшаларға орналастыру электронды түрде өтетінін және қалалық білім бөлімінің балабақша кезегіне қатысы болмайтынын хабарлады.
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ айтуынша, департаментте 1424 нөмірлі Call-орталық телефоны тәулік бойы жұмыс жасайды. Осы нөмірге құқықбұзушылықтар туралы және соның ішінде оқушылардың ата-аналарынан ақша жинау фактілері туралы хабарлай аласыздар.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суретті түсірген автор