Соңғы жылдары букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар (бәс тігетін жер) Атырауда саңырауқұлақша қаптап кетті. Әсіресе бұл қараңғы түскен кезде жақсы байқалады. Жарық диодты маңдайшалар жарқырай жанып, ішке кіріп, бақ сынап көр дегендей арбап шақырып тұрады.
ОЙЫНХАНА МЕН АВТОМАТТАРДЫҢ ОРНЫНА
Атап өту керек, букмекерлік кеңсе мен тотализатордың тамыры тереңде жатыр. Ежелгі Римде, мәселен, гладиаторлар шайқасына бәс тігілді. 19-ғасырдың екінші жартысында спорттың кез келген түріне бәс тігілетін болды, кәсіпқой ұйымдастырушылар пайда болды. Қазір оларды букмекерлер деп атап жүрміз. Бастапқыда Англияда болды, кейін дүние жүзіне тарады. Қазақстанда букмекерлік кеңселер 2000-шы жылдары Алматы облысының Қапшағай қаласы мен Ақмола облысының Бурабай курортынан басқа бүкіл ел аумағындағы ойынханалар мен ойын автоматтарының клубына мемлекеттік тыйым салынған кезде, жаппай қаптап кетті.
«АЖ» анықтамасы:
Букмекерлік кеңсе – өзінің сараптамалық пікірінің негізінде белгіленген коэффициент бойынша спорт жарысының нәтижесіне бәс қабылдайтын мекеме. Яғни, ойыншы бәс тіге отырып, ұтқан жағдайда қандай сома алатынын алдын ала біледі, өйткені коэффициентті букмекер белгілейді.
Тотализатор – басқашалау. Ұйымдастырушы бүкіл ниет білдірушілерден кез келген мөлшерде спорт ойынының нәтижесіне бәс қабылдайды. Ортақ банкті жинап, өз комиссиясын алған ұйымдастырушы қалған қаржыны жеңімпаздарға тігілген бәстер бойынша тепе-тең бөледі.
ФРАНШИЗА БОЙЫНША ЖҰМЫС
Ойынханалары мен клубтары жабылғаннан кейін кіріс көзінен айырылған ойын саласының көптеген кәсіпкерлері үшін букмекерлік әрі қарай да аяқта тұруға мүмкіндік беретін амалға айналды. «Ойын бизнесі туралы» заң, шынымен де, құмар ойынының бұл түріне тыйым салмайды. Бірақ қоятын шарты бар. Біріншіден, кез келген букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың лицензиясы болуы тиіс. Клиенттің жасына қойылатын талап – 21 жастан кіші болмау керек. Үшіншіден, бұл кеңселер тұрғын ғимараттарда орналаспауы тиіс.
Қазіргі жағдайда лицензия алып, жеке букмекерлік кеңсені ашу оңай емес, оған өте қомақты қаржы керек. Сондықтан букмекерлер негізінен франшиза бойынша жұмыс жасайды.
– Мен өз кеңсемді ашамын деп ойлаған жоқ едім. Өйткені, көп құжаттар пакеті мен қомақты қаржы екенін білетінмін. Сондықтан ірі букмекерлік компанияның лицензиясына ортақтасып кіріп, филиал аштым. Бұл өте тиімді бизнес деп айта алмаймын, өйткені ай сайын «бас» кеңседен бар болғаны 10 пайыз ғана кіріс аламын, - дейді Атыраудағы букмекерлік кеңселердің бірінің қожайыны.
КІМ ҚАЛАЙ ОЙНАЙДЫ
Букмекерлік кеңселердің біріне жұма күні кешке таман кіріп шығуды ұйғардым. Бұл уақытта кісі көп шығар деп үміттенген едім. Бірақ бос зал мен маған көз қиығын да салмастан, телефонмен есі кетіп әңгіме айтып отырған кассирді көргенде көңілім құлазып қалды. Әрі қарай, басқа кеңсеге кірдім. Ол жерде де залда еден жуушы әйелден басқа ешкім болмады.
Үйге келген соң бір кездері осы қызметті пайдаланған таныстарыма қоңырау шала бастадым. Мұндай орын клиенттерінің бір бірінен аса ерекшеленбейтінін түсіндім. Негізінен, бұлар орташа ауқаттағы жастар екен. Шынымды айтсам, мұндай жерлерге саусақтарында алтын жүзігі бар, түтіндетіп шылым шеккен ағайлар баратын шығар деп ойлаған едім. Шамасы ойынханаға қатысты сондай фильмдерді көп көргесін, ойымда солай қалыптасып қалған шығар.
Кейінірек таныстарым түсіндіргендей, басты ерекшелік киген киімде емес, осы жерге жинайтын мақсатта екен.
– Екі мақсат болады: табыс табу немесе көңіл көтеру. Кімнің қандай мақсатпен келгенін оңай айыруға болады. Біріншілері, көбінесе өздерінің футболды немесе хоккейді жетік білетін білімдеріне сүйеніп, бағын сынап көреді. Екіншілері, өзі жақсы көретін командаларға бәс тігіп, эмоциямен ойнайды, - дейді Атыраудағы танымал кеңсенің кассирі. Букмекерлер үшін екінші нұсқа қолайлырақ.
Клиенттердің көп бөлігі, жұмыс күндері болсын, демалыс күндері болсын, әлдебір маңызды матчтың алдында көп келеді екен. Ал жалпы көпшілігі үйлерінен шықпай-ақ бәс тіккенді жөн көреді. Электронды есепшот ашса жеткілікті, сол арқылы бәс тігуге болады.
ҚАЙТАРЫЛҒАН АҚШАҒА БӘС ТІГУ
Игорь футболды жаны сүйеді, ол бұл спортта алдына жан салмайды:
– Ешқашан қомақты бәс тікпеймін, әрі кеткенде бес мың теңге тіге аламын, көбінесе ұтамын. Бәсті көбейтуге болар еді, бірақ мен осы сомамен шектелуді ұйғарғанмын. Мәселен, дүкеннен қайтарылған ақшам қалса, айталық екі мың теңгем болса, барамын да бәс тігемін. Көбінесе достарыма көмектесемін, өз білгенімді ортаға саламын. Егер ірі ақша салып ойнаса, жалпы мұндай әуестіктен түсетін кірістер де жаман болмайды. Бірақ бұл тәуекел ғой. Өте құмарпаздардың «жалаңаш» қалып жүргенін естіп жүрмін. Қазір, айтпақшы, әлеуметтік желілерде осы саладағы алаяқтық жақсы дамыған. Көпшілігі өздерін жақсы сарапшы ретінде көрсетіп, фоторедактор арқылы ұтқан бәстердің суретін шығарып, 99%-ға болжамдарының дәл келетінін жазады. Мұның бәрі бос сөз, олар астыртын жұмыс жасайды.
Клиенттер ойнайтын кең тараған спорт түрі футбол мен теннис.
Асхат, Игорьдың досы:
–Менің тұмарым да бар – сувенир футбол добым үнемі арқа қоржынымда жатады. Бірақ доп емес, қандай бәстерге тігу керектігін айтатын Игорьдің көмегі тиетін шығар. Бірақ доптың да сиқырына сенгім келеді (күледі).
СПОРТҚА НЕМЕСЕ АҚШАҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ
Букмекерлік кеңселер атмосферасы ойынхана мен ойын автоматтарының клубын еске салады. Кейбірінде ішімдікке тапсырыс беретін бар мен асықпай сыра ішіп жайғасып отыратын демалыс орны бар. Ал ірі кеңселерде «вип» залы бар, ауқатты клиенттер матчты сол жерден қарайды. Биыл үкімет мұндай орындарда алкогольдік ішімдік сатуға тыйым салуды қолға алып жатыр. Өйткені лицензия алған кезде меншік иелері өз қызметін спортқа қызығушылық ретінде белгілейді. Бірақ біз мұның олай емес екенін түсінеміз ғой...
СӘТТІЛІК СЫРТ АЙНАЛСА
Көп адам бәс тігіп, тез байып кетеміз деп жаңылысады.
– Бастапқыда жолым болып, ұтып жүрдім. Бір апта ішінде орташа алғанда 40-60 мың теңгеден ұтатын едім, - дейді тұрақты клиенттердің бірі. – Осылайша көпке дейін жалғасты, бір күні ірі сомадан ұтылып қалдым. Сол кезде машинамды сатып, ақшамды қайтарып алуға тырыстым. Өкінішке орай, әлі қайтара алмай келемін. Жалпы, қызба, әсершіл адамдарға барудың қажеті жоқ. Одан да үстел монополиясы ойынын сатып алып, үйде туысқандарымен ойнаған жақсы.
Анастасия АЛЮШИНА
«АЖ» анықтамасы
Ірі ұтыстар:
1984 жыл. Ұлыбритания. Ат бәйгесінен Эдвард Ходсон бір аттың жеңісі үшін 3 956 748/1 коэффициентіне 55 пенс бәс тіккен. Ұтыс 2 176 211 фунт стерлинг болар еді, бірақ кеңседе бекітілген төлем лимиті кедергі болған. Ходсон тек 3 мың фунт алған.
1995 жыл. Ұлыбритания, Ноттингем. Ат бәйгесінде белгісіз әйел тіпті бұрын көзге түспеген бір атқа 5 пенс тіккен. Оның коэффициенті 3 072 887/1 екен. Ұтыс 153 644 фунт болған.