Атырау, 11 қазан 17:45
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Шіркін, бір жұтым су!

2 755 просмотра

Субсидия қаржысының уақтылы аударылмауынан Махамбет, Исатай,  Индер ауданындағы каналдар сусыз қалып, шаруалар жапа шегіп отыр. Егіншілер егін еге алмай, малшылар малдарын суаратын су таппай, сенделіске түсті.

КЕРЕҒАР ҚАУЛЫЛАР

Суды үнемдеу жайына бас қатырған үкімет басындағы шенеуніктер ауыл шаруасының күйін күйттеген емес, қайта қолайсыз қаулыларды ойлап табуда. Бұрын егіншілер үшін каналдағы суды тұтынған шығынның 80 пайызы республикалық бюджеттен «Атыраусушар» РМК-ның есепшотына тікелей түссе, ал 20 пайызын егінші өз қалтасынан өтейтін. Бұған қоса 2011 жылғы №106 жаңылтпаш қаулының тиімсіз тұстары дала еңбеккерлерінің наразылықтарын тудыруда. Біріншіден, егінші 50 пайыз судың төлемақысын алдын ала төлеуі тиіс. Екіншіден, қаулыға сәйкес облыстық бюджет 80 пайыз субсидия қаржысын бұрынғыдай тікелей «Атыраусушарға» емес, егіншінің есепшотына аударуы керек. Егінші сол 80 пайыз субсидияны «Атыраусушар» РМК-ның есепшотына аударып, өз қалтасынан шыққан 50 пайыз қаржының 30 пайызын кері қайтарып алуы қажет еді.

 «Атыраусушар» РМК-ның Махамбет ауданындағы филиалы 46 млн. теңге, Индер ауданындағы филиалы 6 млн. теңге субсидияның қашан қолға тиетінін білмей дал. Қаржылардың уақтылы түспеуінен сушарлықтар қарызға белшесінен батқан. «Атырау-Жарық» АҚ-на «Атыраусушар» РМК 53 млн. теңге қарыз.

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚТА

Судың төлемақысын төлеудегі әбігер мен түрлі кедергілерден егіншілер саны күрт азайып кеткен. Мәселен, биылғы жылы Индер ауданы бойынша егіс көлемі 197 гектардан 100 гектарға дейін төмен түскен. 5 егінші егіс егуден бас тартып отыр.

«Атыраусушар» РМК-ның бастығы Асыланбек РЫСЖАНОВТЫҢ айтуынша, мекемеге қарасты 13 су айдау каналы бар. Каналдардың жағдайы нашар, бірнеше жылдан жөндеу көрмеген. Электр энергиясы үшін  төленуге тиісті қарыздың артып кетуі салдарынан «Атраусушар» егіншілермен келісім шартқа отырудан бас тартып отыр.

-Кез-келген уақытта канал сусыз қалуы мүмкін. Ток беруді нағыз су керек кезде тоқтатса не істейміз, сондықтан осындай қадамға амал жоқ барудамыз. Субсидия түспесе онда алдағы уақытта жұмыс жасау оңай болмайтын түрі бар,-деп түсінідіреді ол. 

Қазір токты үнемдеу мақсатында суды түнде айдауға көшкен. Сегіз сағаттық су күн ыстықта егін алқабына жетпейтінін сушарлықтар мойындап та отыр.

-Субсидия қаржысы беріледі. Облыстық әкімдік түрлі шараларды қарастырып жатыр. Токқа да рұқсат берілуде. Негізі суды үнемдеуді егіншілер үйренуі керек,-дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік САРСЕКЕНОВ. -Тамшылатып суғаруды егіншілер жаппай қолға алу қажет. Бүгінде егіншілер суды тұтыну шығынының ай сайын 50 пайызын төлесе, 2013 жылдан бастап 100 пайыз алдын-ала төлейтін болады.

Сонымен 2011 жылы бөлінген ақша қайда кетті? Біз оны Серік Сәрсеновке қойдық. Шенеунік жауап ретінде иығын қиқаң еткізді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

25 сәуір 2012, 20:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.