Куба Солтүстік Кореяның аз одақтастарының бірі ретінде Уашингтон-Пиоңяң қарым-қатынастарының жақсарғанын қалайтынын білдірді. Гаванада өзінің солтүстік кореялық әріптесі Ри Йоң Хоны қабылдаған Кубаның Сыртқы Істер министрі Бруно Родригес өз мемлекетінің бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайтынын, ал оған тек келіссөздер және дұрыс қабылданған саяси шешімдер арқылы ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. Бруно Родригес осы аптаның басында Дональд Трамптың "Солтүстік Корея терроризмді қаржыландырып отыр" деген мәлімдемесімен келіспейтінін білдірді. "Бұл тек АҚШ-тың ғана көзқарасы, біржақты пікір және бұл негізсіз мәлімдемелер Солтүстік Кореяға деген Американың өктемдігін арттырып, халықаралық заңдарға қайшы келеді", - деді ол.
Сондай-ақ Кубаның ресми өкілі Корей жартытүбегінде империалистік әскери күштің жиі қолданылуын сынады. "Империалистік әскери күш" деп Бруно Родригес АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапонияның бірлескен әскери жаттығуларын атап отыр. Бас дипломат социализм жүйесін ұстанып отырған Куба мен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасы аса маңызды екеніне тоқталды. АҚШ пен Солтүстік Кореяның бұрыннан салқын қарым-қатынастары Пиоңяңның баллистикалық зымырандар сынағын доғармауы және оған жауап ретінде БҰҰ санкциялар енгізуі арқылы ушығып отыр.
Ал Куба мен АҚШ арасындағы 50 жылға үзілген дипломатиялық байланыстар Барак Обаманың тұсында қайта жанданғанымен, Дональд Трамп әкімшілігінің билікке келуімен, күрделене түсті.
Дереккөз: qazaqtimes.com