Атырау, 24 қараша 08:57
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Желтоқсанда не болды?

2 921 просмотра

Ақтаудағы ашық сот процесіне «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитеті атынан бақылаушы ретінде атыраулық құқық қорғаушы Макс БОҚАЕВ қатысуда. «АЖ» газетіне ол былай деп әңгімеледі.

 

МОНИТОРЛАР АЗ

Мен «Жастар» орталығының ғимаратында сот процесі басталғалы бері жүрмін. Бірінші күні ғимарат маңына 400-500 адам жиналды, олардың арасында сотталушылардың туысқандары, достары, журналистер мен қоғамдық қызметкерлер  де бар.

Қауіпсіздік шаралары теңдессіз. Полицейлер мен «штаттық» киімдегі адамдар саны баршылық. Кірер есік алдына металл іздегіш  және барлық жерге бейнебақылау камералары орнатылған.

Бірінші күні таңертеңгі сағат 10-да туысқандары мен достарын жеке бір залға отырғызды, онда олар үлкен монитор арқылы сот мәжілісін бақылай алды. Алайда, олар бірден сот жасауылдарының қарсылығына қарамастан негізгі залға басып кірді.

 

АРАНДАТУШЫЛАРДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

200 адам сиятын зал босап көрген жоқ. Вахталық жұмысшылар бір-бірін ауыстырып отырды, көпшілігі зейнеткерлік жасындағы адамдар. Халық өте саналы. Әсіресе, жас жігіттер жағы қызбалыққа түсіп, артық кетіп бара жатқан тұста,  үлкен адамдар: «Балалар, қысқартыңдар! Тыныш отырыңдар немесе залды босатыңдар!» деп ескерту жасап отырды. 70 жастағы ақсақалдың біреуіне «сен осы кімсің, біз ғой сені білмейміз, бәлкім сен арандатушы шығарсың, сот процесін жабық жүрде өткізсін деп қасақана шу туғызып отырған боларсың? - деді.

Жаңаөзенде алаңда болған кейбір полицейлер моральдық залалдары үшін өтемақы талап етуде. Олардан сұрай бастаған кезде бірі моральдық залал деп өзінің 12 жыл жұмыс істеген кезінде мұндайды өмірінде көрмегенін және содан шошып, күйзеліске түскенін айтып отыр.

 

УАҚЫТША БАСҚАРУШЫЛАРДЫҢ САЯСАТЫ

Сотталушылар өздерін полицейлердің қалай қорлағандығын айтқан кезде зал тынышталып қалады. Судьялар мен прокурорлардың бет-жүздерінен олардың айтқандарының таңқалдырып отырғандығын аңғаруға болады. Жаңаөзендіктер азаптау мен қорлау туралы сот басталғанға дейін білді.

Жаңаөзен – коммуналдық проблемасы көп, өте өзекті аймақ. Жастардың басым бөлігі жұмыссыз. Көші-қон процесі өз бетімен кеткен. Қалада бір кездері 70-80 мың тұрғын болса, қазір онда 120 мыңдай халық тұрады. Мемлекеттік органдар, қала құрылыс кәсіпорындарының бұрынғы басшыларының әрекеті билік басындағы уақытша жүрген адамдардың қызметіне ұқсас.

Осыдан бір апта бұрын судья НАҒАШЫБАЕВ сотталушыларды ұрып-соғып, азаптағаны туралы материалдар прокуратураға жолданғандығы жөніндегі қаулыны оқыды. Қаулыда оған жауап 10 күн ішінде берілуі тиіс екендігі де көрсетілген.

 

ЖОЛДАНҒАН ӨТІНІШТЕР

Сотта аталып өткен тағы бір жайт. 14-15 желтоқсанның өзінде қалада 16 желтоқсанда алаңда мұнайшыларға қарсы қандай да бір арандатушы әрекеттің болатындығы туралы алып-қашпа әңгіме айтылған. 15 желтоқсан күні ереуілге шығушы мұнайшылардың бір тобы прокуратура мен әкімдікке осындай қауесеттердің тарап кеткендігі туралы арыз жазған. Олар бұл өтініштерді полицейлерге берген, қазір осы іс бойынша жәбірленуші болып отырған полицейлердің бірі ондай өтінішті алғандығын растады. Және факс арқылы жоғарғы басшылыққа жіберген.

Жәбірленуші полицейлердің бірі 14 желтоқсан күні Ақтаудан 107 адамның Жаңаөзенге қалқан, каска, бронжилет және таяқпен мереке күнін тойлауға келгендігін  әңгімелеп берді. Сол күні-ақ, Шетпе поселкесінен 15 полицейлер келді. Адвокаттар олардан: «Сіздер жыл сайын осылай келесіздер ме? Айталық, 2010 жылы 16 желтоқсанда Жаңа-өзенде болдыңыздар ма?» деп сұрады. Кейбіреулері «иә» деп жауап береді, бірақ, бұрын «арнайы жабдықтарын» өздерімен бірге  алып көрмеген екен.

 

МӨР СОҒЫЛҒАН КИІЗ ҮЙЛЕР

Алып-қашпа әңгімеге байланысты киіз үйлердің иелері, барлығы 22 адам алаңдай бастады, өйткені, оларға Тәуелсіздік күніне орай түрлі ұйымдар мен кәсіпорындарға алаңға киіз үй орнату жөнінде өтініш жасалған болатын. Сол кездегі қала әкімі САРБӨПИЕВ оларды тыныштандыруға тырысып, әрбір киіз үйдің иесіне кепілдік хат берді. Онда егер мүліктер бүлінген жағдайда келтірілген залалдың орнын әкімдік өтейтіндігі жазылған еді. Қолын қойып, мөрін соқты. Бірақ алаңға ешқандай да киіз үйлер тігілмеді.

Сондай-ақ, киіз үй иелері 15 желтоқсанда алаңға киіз үйлерін орнатуға келгенде, ол жерде мұнайшылар тұрған. Ереуілге шыққандар оларға: «Біздің бұл жерде тұрғанымызға жеті ай болды, бізді ешкім тыңдамайды. Біз сіздерден бұл жерге киіз үйді орнатпауыңызды сұраймыз» деді. Бірнеше киіз үйдің иелері өздерінің кеткілері келгенімен, полицияның жібермегенін мойындады.

 

«ЖАҚСЫ БАЛА БӘРІН АЙТЫП БЕРЕДІ»

19 сәуірде түске дейін ешқайда кетпеу жөніндегі қолхаты бар барлық 8 сотталушыдан жауап алынды. Солардың бірі 20 жастағы жеке күзет фирмасының қызметкері Мэлс САРЫБАЕВ былай деп әңгімеледі.

16 желтоқсанда оны «Ару Ана» қонақ үйінің күзетін күшейту үшін шақыртқан. Ол әріптестерімен біріге отырып, қонақ үйді қорғауды ұйымдастыруға тырысты. Алайда, бүлікшілердің көп болғаны соншалық, олар ғимаратты тастап кеткен. Одан кейін ол басқа бір нысандардың күзетіне келіп жүрді.

20 желтоқсанда оны полицейлер прокуратураға апарамыз деп үйінен алып шықты. Бірақ, қалалық ІІБ-не апарды. Онда белгісіз қызметкер оны банкоматты тонады деп айыптады, ал, оны Сарыбаев жоққа шығара бастаған кезде, саусағына түйреуіш тықпалай бастады. Кейін оны өлімші етіп сабады. Түйреуіш тыққан адам Сарыбаевты тергеуші Серік АМАНОВҚА апарды. Апарып отырып ол: «Ол жақсы бала, қазір барлығын айтып береді» деді. Бірақ Сарыбаев бөтеннің кінәсін өз мойнына алған жоқ. – Қамауға санкцияны судья ДОСМАҒАМБЕТОВ берді, мен одан оны қамауға алмауын жылай отырып сұрадым. Артынан уақытша тергеу изоляторына апарды, тағы да соққыға жықты, әсіресе Руслан есімді қызметкер қатты қорлады, - деді   сотта Сарыбаев. – Басымызға пакет кигізіп, тұншықтырды, мен есімнен танып қалдым. Бір кезде есімді жисам, астыма жіберіп қойған екенмін. Сол күйімде маған уақытша тергеу изоляторының бастығы изолятордағы бөлмелердің еденін жууға мәжбүрледі. Менің үйіме тінту жүргізген, астан-кестеңін шығарған, 10 000 теңге тәркілеген. Менің еңбекақым 27 000 теңге, әкемнің жасы – 84-те, анам- зейнеткер.

Сот залында сотталушы АСПЕНТАЕВ өзінен кештен бастап таңғы 4- ке дейін жауап алғанын айтты. Ол бірде дәліз бойымен Сарыбаевты алып бара жатқанын көрген (фамилиясын тек сотта ғана білді), біреудің жылап, біреуді сабап жатқанын естіген. Сол түні беттестіру ұйымдастырылды, Аспентаев Сарыбаевтың көзінің жасаурап тұрғанын көрген. 

Сарыбаев адвокат алғаннан соң өзін сабағандардың барлығының үстінен шағымданбақшы болды. Алайда, адвокат БИСЕКЕШОВ Әбдірасул ӨТЕШОВТІҢ үстінен шағымданудың пайдасыз екендігін айтты, өйткені ол қалалық ІІБ-да жоғары шенді адам.

Сот жалғасуда және оның немен аяқталатындығы белгісіз.

Жазып алған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

25 сәуір 2012, 19:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.