«Қазгидромет» 2017 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша еліміздегі экологиялық заң бұзушылықтар туралы есепті жария етті. Мұнда Атырау облысы туралы мәліметтер де бар.
Құжатта Алматы, Өскемен, Астана, Ақтау, Қарағанды қалаларымен қатар Атырау ластану деңгейі жоғары қалалар қатарына жатқызылған. Құлсары Көкшетаумен, Қостанаймен, Семеймен, Түркістанмен, Талдықорғанмен және Таразбен бірге көтеріңкі деңгейде ластанған қалаларға жатқызылған.
Тексеру жүргізілген су айдындарының жалпы тізімінде Каспий теңізінің суы «нормативті таза», Жайық, Қиғаш, Шарон, Ембі өзендерінің су сапасы «ластанудың орташа деңгейінде» және Ойыл өзенінің суы «ластанудың жоғары деңгейінде» деп бағаланған.
Атырау ауасы ластанудың жоғары деңгейімен сипатталады. Көбінесе ол күкіртсутекпен ластанған. Жалпы қала бойынша қалқыма бөлшектердің орташа концентрациясы (шаң-тозаң) 1,4 ШРК, басқа ластаушы заттар құрамы – ШРК-дан аспаған. Күкіртсутек бойынша максималды күкірт концентрациясы 9 ШРК, фенол бойынша 1,9 ШРК құраған.
Құлсары қаласындағы ауа ластанудың көтеріңкі деңгейімен сипатталған. Құлсары қаласындағы ауа сапасы үш нүктеде – теміржол вокзалы, бас пошта кеңсесі маңында, қалаға кірер жерде жүргізілген.
Қосшағыл, Жанбай, Мақат кеніштерінде қалқыма бөлшектер концентрациясы 1,2-1,4 ШРК шегінде болған, Қосшағыл, Доссор, Мақат, Жанбай, Забурын кеніштерінде күкіртсутек концентрациясы 1,25 ШРК құрап отыр.
Атыраудағы атмосфералық ауаның ластауын бақылау «Жилгородок», «Авангард», «Әкімшілік», «Болашақ Шығыс», «Болашақ Батыс», «Болашақ Оңтүстік», «Болашақ Солтүстік», «Вест Ойл», «Восток», «Доссор», «Загородная», «Мақат», «Ескене кенті», «Привокзальная», «Самал», «Ескене» станциясы», «Қарабатан», «Таскескен», «ТКА», «Шағала» деп аталатын NCOC (АСМС) 20 станциясының деректері бойынша жүргізілді.
Есептік кезеңде күкіртсутек бойынша 15 станцияда - 133 ШРК-ден бастап («Вест Ойлдан») 2 ШРК-ға («ТКА») дейін асу тіркелген.
11-13, 20-21 және 26-27 қыркүйекте «Вест ойл» станциясы (бұрынғы химия зауытының жанында) күкіртсутек бойынша ауаның экстремалды жоғары ластанған 12 жағдайын (50-ден 109 ШРК-ке лейін) тіркеген.
Шамамен сол кезеңде АМӨЗ-ге тиесілі «Химпоселке» станциясында күкірсутектің асу шегі бойынша 18 жағдай тіркелді.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ