Атырау, 22 қараша 19:30
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Жайдарман сананы жаңғырта ма?

Сурет Бейнежазба
7 676 просмотра

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында кезекті «Жайдарманның» Жоғарғы лига ойыны өтті. Оған Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылынан «Тайсойған» командасы, Индер ауданынан «Жасбуын», Атырау қаласының №36 мектебінен «36» командасы және көрші Ақтөбе қаласынан «Өрлеу» командалары қатысты.

Командалар проблемаларды әзіл түрінде беруге тырысты. Ойын барысында «Тайсойған» командасы Қызылқоға мен Атырау арасында әлі күнге тас жолдың жоқтығын әзілмен астарласа, №36 мектеп командасы латын әліпбиіне көшу туралы қазіргі таңдағы көптеген қоғамдық мәселелерді қысқа эпизодтарға сыйдыра білді.

Ойыннан соң мен «Сағыз» командасын құрған жетекші, өлкемізге танымал  Қазақстан КВН Одағы Атырау филиалының басшысы Ернар САКУПОВКЕ сауалдар қойған едім.

- Ернар, бүгінгі жайдарманшылардың деңгейі мен әзілдерін қалай бағалайсыз?

 - Біз бастаған кезде интернетке бүгінгідей әрбір адамның қолы жете бермейтін. Сондықтан да бір әзілді жарыққа шығару үшін көп уақыт кететін еді. Содан да болар барынша сапалы шығатын. Бұл командаларға әлі де дайындық жетіспейді. Жанрдың «жеңіл» болғанына қарамастан, сахнада  кітап оқыған немесе кітап оқымаған жайдарманшы арасы жер мен көктей болып көрініп тұрады. Дегенмен, балалар тырысып келеді, тәжірибе жүре-бара жинақталады ғой.  

Бір қызығы, әр өңірдің көрермені де әр түрлі. Мысалы астаналық көрермен мәтінді әзілді жақсы қабылдаса, атыраулықтар керісінше жайдарманшылардан шоу күтеді, күлкілі қимыл-әрекеттерге бай ойындарды көргісі келеді.

- Әзілімен көрермен көзайымына айналған «Сағыз» командасының негізін қаладыңыз. Бұл команда өмірге қалай келді?

- КВН-нің айналасында жүргендіктен команда құрсам, артыма із қалдырсам деген арман болды. Өз туған ауылым Сағыздың талантты балаларының басын қосып, сегіз жыл бұрын осындай команда құрдық. Ол бірден таныла кеткен жоқ, бірақ КВН-ге ешкімге ұқсамайтын ерекше команда болып жаңалық енгізді. Бастапқыда «Батыс» лигасында ойын көрсеттік. Талай рет пойызбен жалпы вагонға билет алып, Ақтөбедегі ойындарға барып келіп жүрдік. Кейін республикаға шықтық. Басында көп адам «Сағыздың» әзілін түсіне бермеді. Тек соңғы жаңалықтардан хабардар көрермен ғана қабылдайтын. Ал қазір бұл команданың қай қалада да өз көрермені, өз аудиториясы бар. Өзім бес жыл болды қазір сахнаға шықпаймын, сценарист ретінде жұмыс атқарамын.

- Атыраудан тағы да «Сағыз» секілді команда құру ойыңызда бар ма?

- Талантты жастар өте көп, бастарын қосып та көрдім. Бірақ көп ұзамай барлығы тарап кетеді, танылып үлгермейді, басқа жаққа оқуға түседі, тағы да басқа себептер шығып жатады. Соңына дейін келе жатқан осы өз ауылымның жігіттері «Сағыз» командасы ғана.

- Әрине, сахнада әзіл айту бұл мамандық емес қой. «Сағыздың» жігіттері өмірде әзілдеуден басқа немен айналысады?

- Олардың барлығы да ойынды мектеп қабырғасында жүріп бастады, бүгінде олар әр салада қызмет етеді. Бірі шағын кәсіпкерлікпен айналысса, екіншісі - дәнекерлеуші, мұғалім тағы да  басқа  жұмыстарда. Командадағы ең үлкенінің жасы 32-де ал, кішісі – 10-сынып оқушысы.

- 29 қарашада Астанада – Жоғарғы лига финалы. Басты қарсылас кімдер?

- Барлық қарсыластарымыз мықты. Бірақ соған қарамастан, Кубокты жеңіп аламыз деген үміттеміз.

Бұдан соң біз жақында Атырауға келіп кеткен республикалық жайдарман ойындарындағы қазылар алқасының төрағасы, сатирик Көпен ӘМІРБЕКТЕН «Жайдарманның» бүгіні мен келешегі жөнінде пікірін білдік:

- Жайдарманды біреулер жеңіл әзіл, әшейін, айтады да қайтады деп ұнатпайды. Мен олармен келіспеймін. Жайдарманның қазылар алқасында төраға болып жүргеніме 3-4 жылдың жүзі болды. Барлығы да өзімнің немерелеріммен жасты ойыншылар, олардың әзілі егде жастағы адамдарды да күлкіге қарқ қылады.  

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Сурет және бейнебаянды түсірген автор


22 қараша 2017, 17:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.