Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында белгілі жазушы-драматург, жерлесіміз Есенжол ДОМБАЕВТЫҢ «Келін» мұңды комедиясының премьерасы өтті. Қуаныш пен мұң қатар өріліп отыратын қойылымда бір әулеттегі үш келіннің үш түрлі тағдыры көрініс табады.
Оқиға желісі бойынша келіндердің бірі соғыстан оралмаған күйеуін өмір бойы күтіп отыратын кейуана ретінде көрінсе, екі жас қыз туралы хикая күлдіре отырып, ойландыратын әсерлі оқиғаларға араласып отырды.
Режиссері Мұқанғали ТОМАНОВ аталмыш қойылым Атырау сахнасында ертеректе «Айналайын ақ келін» деген атпен қойылғандығын айтады.
- Заман талабына сай қайтадан өңделіп, «Келін» деген атпен ұсынып отырмын. Бір әулеттегі үш келіннің үш түрлі мінезін суреттей отырып, ұрпағымыздың жалғасы ауылдағы келіндерден басталатындығын көрсеткім келді. Екі сағаттық қойылымды әртістер шебер алып шықты, - дейді режиссер.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор