«Болашақ» бағдарламасына қатысу үшін құжаттарды енді өз жерімізде тапсыруға болады. Атырау облысында Халықаралық бағдарламалар орталығының мамандары құжаттарды 19-21 мамыр аралығында қабылдамақ.
- Әр аймақта біздің мамандарымыз 2-3 күн болады. Атырауға бару уақыты 19-21 мамырға белгіленген, - деді телефон арқылы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның құжаттарды қабылдау және конкурсты ұйымдастыру бөлімінің бастығы Досхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ.
Алғашқы күні орталық мамандары АМУ-де, денсаулық сақтау және инженерлік-техникалық бағыттағы мекемелерде таныстырылым өткізіп, конкурсқа қатысу шарттарын түсіндіреді. Тікелей құжаттарды қабылдау 20 мамырда басталады, қабылдау орны АМУ ғимараты болатын шығар.
«Болашақты» анағұрлым қолжетімді ету үшін жаңа ереже бойынша кепілге кез-келген жылжымайтын мүлікті құнына қарамастан қабылдауға рұқсат етілген. Егер үміткердің ешқандай жылжымайтын мүлігі болмаса (мәселен, балалар үйінің тәрбиеленушісінің, жетімдердің), онда ол нақты үміткер боп табылады да, кепілмен қамтамасыз ету туралы мәселе әр жағдайда жеке шешіледі. Естеріңізге салсақ, кепіл стипендиатты отанына қайтаруға кепілдік ретінде қолданылады.
Бұдан басқа, биылғы жылдан бастап кадрларды мақсаттық дайындау енгізілуде: кәсіпорын өз өкілін өтініш бойынша жібере алады. Орталық студентті оқытуға, жұмыс беруші – оны мамандығы бойынша жұмысқа орналастыруға, ал стипендиаттың өзі – осы кәсіпорынға оралуға міндетті. Бұл жөнінде үшжақты келісім-шарт жасалады.
Тағы бір өзгеріс – магистратура бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметкерлер мен педагогтар үшін жұмыс өтілінің шегі азайды. Егер бұрын мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік органдарда үзіліссіз 3 жылдық жұмыс өтілі болуы тиіс болса, енді мемлекеттік қызметтегі соңғы 12 айды қосқанда жалпы 2 жылдық өтіл жеткілікті. Педагогтар мен ғылыми қызметкерлер үшін өтіл 1 жылдан кем болмауы тиіс. Ал құжат тапсырған уақытта шетелдік жоғарғы оқу орнына өздері түсушілерге қойылатын жаңа талаптар – жұмыс өтілі 2 жыл болуы керек.
Биыл алғаш рет «Болашақ» бойынша медициналық және инженер-техникалық мамандар үшін тәжірибеден өту мүмкіндігі қарастылған. Тәжірибеден өту мерзімі 1-ден 12 айға дейін, үміткерлер үшін 3 жылдан кем болмауы тиіс.
2012 жылдың тізбесінде – академиялық оқу үшін 74 мамандық және тәжірибеден өту үшін 107 мамандық бар. Мемлекеттік қызметкерлерді, ғылыми-педагогикалық, инженер-техникалық және медицина қызметкерлерін дайындауға баса көңіл бөлінеді.
- Соңғы екі салаға барлық басымды мамандықтардың 50 пайыздан астамы сәйкес келеді, - деп атап өтті Д. Құдайбергенов. – «Болашақ» бағдарламасы бойынша 17 елдің 100 университетінен білім алуға болады. Стипендиаттар ең алдымен Ұлыбританияға (17 жыл ішінде ол жерде 42 пайыз болашақтықтар оқыды), АҚШ-қа (24%), Ресейге (7%) баруға ұмтылады.
1994 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша 4 661 адам оқу бітірген, оның 1 066-сы оқуларын өткен жылы аяқтады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА