Атырау, 26 қараша 19:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қай жер күреледі-2

Сурет Бейнежазба
4 048 просмотра

Бұдан бұрын «АЖ»-да хабарланғандай, 20 қарашада №2 мектептің акт залында тұрғындар Атырау әкімдігінің өкілдерімен кездесті. Тақырып – мемлекет мұқтаждығы үшін қаланың ескі бөлігіндегі жер телімдерін алу туралы әкімдік қаулысы («Қай жер күреледі»). Белгіленген уақытта зал іші лық толы болды.

Төрағалық етуші қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ кездесуге бірер күнде күрелу жөнінде құлақтандыру жолданатын басқа үлкен үш учаскедегі үй иелерінің де келгенін атап өтті. Бұл жерге күрелуді күтіп жүрген жатақхана тұрғындары мен жеке тұрғын үй құрылысына жер алғысы келіп жүргендердің де келгені анықталды.

М. Калауидың айтуынша, қаланың осы бөлігіндегі жерлерді мемлекет қорына алу мәселесі 1999 жылдан бері қозғалып келеді. Атырау картасында бұл үйлер «қызыл сызықпен» белгіленген, сондықтан тұрғындарда өз жер телімдеріне жаңа баспана салуға мүмкіндік жоқ. Соңғы жылдары олардың жағдайы нөсер жауынның салдарынан қиындап кетті. Нәтижесінде үйлердің бір бөлігі жантайып, құлап қалды.

2002 жылдың Бас жоспарында бұл жерде абаттандырылған үйлер мен әлеуметтік нысандар салу қарастырылған болатын. Алайда бұл идеяны жүзеге асыруға жергілікті билік енді ғана кірісіп жатыр. 2016 жылдың желтоқсанында үкімет солтүстік бағытқа қарай аумақтың өсуін, Талқайраң поселкесінен спутник қала салуды және ескі орталықтан абаттандырылған сектор салуды қарастыратын Атырауды дамытудың жаңа Бас жоспарын мақұлдады.

Әкім орынбасарының айтуынша, 20 желтоқсанға дейін болашақ құрылыс алаңын толық жобалау жоспарын әзірлеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Ол кейін қалалық және облыстық мәслихаттарда тұрғындармен жиналыс кезінде бекітілуі тиіс.

- 2018 жылдың 20 қаңтарынан кейін жерлерді бағалау және онда орналасқан үйлерге бағалау жүргізу басталады. Келіспейтіндерге осындай алаңдағы пәтерлер ұсынылады. Егер олар пәтерлерге де келіспесе, бұл мәселе сотта шешіледі, - деп хабарлады Қалауи.

- Неліктен мен өзімнің жылы үйімді Нұрсаядағы әлдебір суық пәтерге ауыстыруға тиіспін? – деп наразы болды бір ақсақал.

Қалауи бүгінде Атырауда салынып жатқан пәтерлерге құрылыс салушылар 2 жылға кепілдік беретінін айтты.

Одан кейін сөз алған қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қайрат КЕНЖАЛИЕВ бағалаушылардың қолына құжаттардың түпнұсқасын бермей, тек көшірмесін ғана беру керектігін тұрғындарға ескертіп қойды.

- Бағалаушыға жерді тұрақты пайдаланудың мемлекеттік актісін; учаскедегі барлық құрылымға техникалық төлқұжаттарды; меншік иесі туралы мәліметтер мен жердің қандай жолмен берілгенін дәлелдейтін құжаттарды, яғни, сату-сатып алу келісімшартын ұсыну керек, - деді Кенжалиев. Содан соң:

- Тұрғындардың жартысының жері банкте кепілдікте тұр немесе оларда әлдебір мүліктік даулар, мүлік ауыртпалығы және т. б. туындаған. Кейін бағалаушыларды бөгемес үшін алдын ала тексерулерін сұраймыз. Жеміс ағаштары, егер 5 жылдық болса, есепке алынады, - деді.

Одан кейін Құнанбаев көшесі, 13 мекен-жайындағы жатақхананың бір топ тұрғынының атынан өкіл сөйледі:

Біз сұмдық жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бізге жатақханада тұрып жатсыңдар, 2018 жылы күрелген жағдайда жатақханадан бір бөлмеден аласыңдар дейді. Біз оған келіспейміз!

- Нұрсая мен Береке ықшамаудандарында қазір 240 пәтерлік жеті үйдің қазықтары қағылуда. Бұлар жатақхана емес. Әр пәтерде жеке санитарлық торап, асүй мен бөлме бар. Қайдағы жатақхана? Таяу жылдары қаладағы 12 жатақхананың тұрғындарын көшіргіміз келеді. Егер тұрғындардың жүз пайыз келісімі болмаса, көшірмейміз, - деді Қалауи.

Адамдар біртіндеп тынышталды, сол кезде Гагарин көшесінің бойындағы басқа жатақхананың тұрғыны сұрақ қойды:

– Біздің жатақханамыз қашан күреледі?

- Келер жылға жоспарлап отырмыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

21 қараша 2017, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.