Кішкентай Әміржан ҒИМРАН (суретте) бар болғаны 880 грамм салмақпен (26 апталық) шала туған. Қазір тоғыз айлық, біртіндеп құрдастарына жетіп қалды.
Қарашаның аяғында бүкіл әлемде Халықаралық шала туған балалар күні атап өтіледі. Ол 2009 жылы Жаңа туған нәрестелердің күтімі жөніндегі Еуропалық қордың бастамасымен аталған. Бұл күн Атырау облыстық перинаталдық орталығында да атап өтілді.
– Дүниеге келгеннен кейін Әміржан жансақтау бөлімінде екі апта, содан кейін тағы бір жарым ай шала туылған балалар бөлімінде жатты. Бағына қарай, оның денсаулығына, миына, көру, есту қабілетіне қатысты аса бір проблема жоқ, тпәй, тпәй. Рас, жүрегіндегі сопақша терезе әлі бітеле қойған жоқ, дәрігерлер бір жасқа қарай жабылады деп үміттеніп отыр. Ал былайынша, балам айқай, тентек, - деп күледі анасы Гүлмира ЗЕНЕДЕНОВА.
Еті тірі, ширақ балаға күтім жасауда анасына үлкен қызы көмектеседі. Оның інісімен екеуінің арасындағы жас айырмашылық 16 жас.
Үшемдер Ильхан, Ихсан және Інжу бір жерге шығатын болса, қаумалаған топпен шығады. Әйтпесе аналары Заира ҚАЛИМОВАНЫҢ бір өзінің әлі келмесі анық. Бір жас екі ай болған сәбилер құлдыраңдап жүгіргенде шаң ілестірмейді. Екі ұл мен бір қыз бала 35-ші апта болғанда дүниеге келіпті. Сәбидің әрқайсысы 2 келіге жуық салмақта болған. Үшемдер үшін жақсы нәтиже, оларды бірден босанғаннан кейінгі бөлімге шығарып жіберген.
Бірақ шала туған нәрестелердің бәрінің бірдей денсаулықтары мықты бола бермейді. Жыл сайын Атырау облысында шамамен 8 мың сәби жарық дүние есігін ашады, олардың 500-600-і шала туғандар.
– Олардың арасында жүйке жүйесі аурулары, көз, құлақ аурулары кең тараған, - дейді облыстық перинаталдық орталық директоры Қуаныш НЫСАНҒАЛИЕВ. – Мерзімінен бұрын босану себептерін анықтап, ең алдымен осы мәселелерді шешу керек. Бұлар жоспарланбаған жүктіліктер және жыныстан тыс дерттерге шалдығу.
Қазақстанда халықаралық тірі туу критерийлері қолданыла бастауына байланысты дәрігерлер салмағы 500 граммнан басталатын шараналарға күтім жасай бастады. Осылайша, шала туған балалар статистикасы артып отыр. Облыстық перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Сәния БАХТИЯРОВАНЫҢ айтуынша, осындай аз салмақта және мерзімінен бұрын дүниеге шала болып туған балаларда ағза жүйелері әлі түгел дамымаған. Босанғаннан кейінгі кезеңде бір жасқа қарай сәби құрдастарын «қуып жету» үшін мамандар шақалақтарды ширатумен айналысады.
– Қоғамда тиесілі мерзімінен анағұрлым ерте туған сәбиде денсаулығына қатысты проблема көп болады, ешқашан шымыр бала болмайды деген пікір қалыптасқан. Ал сіздің тәжірибеңіз не дейді?
– Бәрі сондай деуге болмайды. Бұл жерде басты фактор - ұрықтың «сапасы» деуге болады. Ал ол бала бойға біткен және дамудың алғашқы үш айына байланысты болады. Егер бастапқыда бәрі жақсы болса, дені сау сәбидің дүниеге келу мүмкіндігі бар. Өкпе, ми және жүрек – басты ағзалар, оңалтудың сәтті болуы осыларға байланысты. Мәселен, жүрек ақауы массаж жасауға мүмкіндік бермейді, ол оңалту үшін едәуір кедергі болады. Егер ми толыққанды болмаса, онда бүкіл проблема осыдан туындайды, - дейді Сәния Бахтиярова.
Облыстық перинаталдық орталық дәрігерлерінің ерекше мақтанышы - соңғы үш жылда олар ерте перинаталдық өлімді екі есеге азайтуға, соның ішінде шала туған балаларға күтім жасау есебінен азайтуға қол жеткізген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН