Атырау қаласы бойынша ең қарт бес тұрғын бар. Олардың жасы 100-ді алқымдаған. Бес тұрғынның бесеуі де әйел адамдар. Мысалы , Қабира ҚОНЖАНБАЕВАНЫҢ жасы 101-ден асса да , кейуана өзін әлі де сергек сезінеді. Бес уақыт намазын қалдырмайды. Немереден шөпшегінің есімдеріне дейін жаңылмай айтады. Ал ашаршылық уақыты мен соғыс жылдарында көрген қиыншылықтары әлі де көз алдында.
Қабира әже бай әулетінен шыққан қыз болған. Байлардың мал-мүлкін кәмпескілеу кезінде әкесі 14 жастағы қызын байырғы құдасы болып келетін досының үйіне аманаттап қалдырған. Сол үйдің қызындай болып бой жетіп, сол үйдің 13 жастағы жалғыз баласы Төлеген ҚОНЖАНБАЕВҚА атастырылып, жастай тұрмыс құрады.
- Ашаршылықтан енді құтылдық па дегенде зұлмат соғыс басталды. Жолдасымды бірден майданға әкетті. Ата-енемнің қолында қалған мен де бос отырмадым. Біздерге де ерлермен бірдей жұмыс жасауға тура келді. 1942 жылдан бастап Гурьев-Астархан темір жолын төсеуге өз үлесімді қостым. Қыстың қытымыр аязында да, жаздың аптап ыстығында да таңнан күн батқанша жұмыс істедік,- дейді әже.
Кейуана сол жылдарда сауыншы, егінші болып та жұмыс жасаған. Ал, жолдасы 1945 жылдың наурызында соғыста аяғынан жарақат алып, екі балдаққа сүйеніп оралады. Елге келген соң ұзақ жылдар мұғалімдік қызмет атқарып, 1977 жылы 64 жасында өмірден озған.
Бүгінде Қабира әжейдің 13 немере, 26 шөбере және олардан тараған шөпшек, неменелері бар. Немересінің алды 60-ты алқымдапты. Ұрпақтарының бесікке салу ырымын әлі күнге дейін өзі жасайды. Жақында немересінің шөбересіне азан шақырып ат қойған. Тума-туыстың қуанышына да жиі барып тұрады. Әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып, қызмет атқарып жатқан ұрпақтары да сүйікті әжелеріне жиі келіп тұрады.
Қызы Алтынның айтуынша, анасы дәрігерлер көмегіне осы күнге дейін жүгінбеген:
- Күні кешеге дейін анам жаяу жүретін, машина атаулыға тіптен мінбейтін. «Он жетінші» ауылда (Махамбет ауданына қарасты Алға ауылы Атырау қаласынан 17 шақырым қашықтықта орналасқан) тұрғанымызда 30 шақырым қалаға жаяу барып келетін. Бір жерде отырып тыным таппайтын. Шұбат ішіп тұрады. Қазіргі неше түрлі қоспасы бар тағамдарды аузына алмайды. Ұзақ жасаудың сыры осыда шығар, бәлкім?!
Кейуанадан арманыңыз бар ма деп сұрағанымызда – «Елімізде тек бейбітшілік болсын, ұрпақ соғыс дегенді көрмесін. Осыдан басқа менің арманым жоқ», деп ақ батасын берді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті және видеоны түсірген автор