«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының бұрынғы төрағасы және Атырау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты («Облыстық мәслихатты Өмірзақ Зинуллин басқаратын болды») Абат ТАСИМОВҚА қатысты сот үкімі шықты.
Сот отырысында 2014-2015 жылдары инвестициялық жобаларды қарастыру кезінде оның өз лауазымдық өкілеттігін пайда көру және басқа тұлғалар мен ұйымдарға артықшылық беру мақсатында пайдаланғандығы, мұның қоғам мен мемлекет мүддесіне едәуір зиян тигізгені, сондай-ақ, қызметтік жалғандық жасағаны анықталды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, «сот ісі барысында А.Тасимов пен оның адвокаты кінәсін мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасауға келісім берді. Сонымен қатар, тигізілген зиянның ауыр салдарға соқтырмағандығы, өйткені бұдан бұрын сот шешімімен мемлекетке тигізілген зиян кінәлі тұлғалардан өндіріліп алынғаны анықталды».
Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 1-тармағы («Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану») және 369-бабының 1-тармағы («Қызметтiк жалғандық жасау») бойынша кінәлі деп танылып, оған қылмыстық жолмен табылған мүлікті тәркілеумен және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырумен қатар, 600 АЕК (2015 жылы 1 АЕК – 1 189 200 теңге) көлемінде айыппұл тағайындалды.
«Рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 2-бабының 1-тармағының негізінде Тасимов негізгі жазадан – айыппұлдан босатылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ