Атырау, 28 қараша 09:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Санадағы сауалдар

2 661 просмотра

«ТШО-ның Келешек Кеңею Жобасының қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау» деп аталатын қоғамдық тыңдауда («АЖ», 19 сәуір 2012 жыл, №16 санын қараңыз – «Кеңеюдің келешегі қандай?») компания өкілдеріне бірқатар өзекті сұрақтар қойылған еді.

 

КҮКІРТ МОНОПОЛИСІ

Күкірт карталарының қашан біржола жойылатындығы және ТШО-ның неліктен Қазақстанның ішкі нарығына тауарлық күкіртті жеткізбейтіндігі туралы сұраққа үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімнің бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ былай деп жауап берді:

- Жыл сайын біз 2,2 млн тонна күкірт шығарамыз, ал, мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша 3,8 млн тоннасын саттық. Яғни, бүкіл бір жыл бойына өндірілген көлемді және оған қоса 1,5 млн тоннасын күкірт картасынан алып саттық. Кестеден озып жұмыс жасап келеміз. Күкірт нарығының аясы тар екенін өзіңіз білесіз. Бір жылдары оны шығынға қалып өткізген де едік. Өйткені бізге жұртшылық пен мемлекеттік органдардың ашық аспан астында күкіртті сақтау жөніндегі пікірлері жақсы таныс. Сондықтан біз теміржол, теңіз айлақтары мен Қытайға өткізу бекетінің мүмкіндігінше күкіртті көбірек тасып әкетеміз. Бүгінде Қазақстан дүниежүзілік он ірі күкірт тасымалдаушылардың бірі. Ішкі нарыққа келер болсақ, жақында ғана Қазатомпром Жаңақорғаннан (Қызылорда облысы) күкірт қышқылын өндіретін алғашқы зауытты іске қосты. Енді Теңіз кенішіндегі күкірттер сол жаққа жеткізіліп жатыр. Бұдан басқа, бізге тиісті қуаттылықтар енгізілгеннен кейін Қазатомпромға минералдық тыңайтқыштар мен күкірт қышқылын жеткізу жөнінде ниеттестік хаттамасы жасалды. Сол кезде ТШО үшін елдің ішкі нарығына күкіртті және оның өңделген өнімдерін жеткізу басым бағытқа ие болмақ.

Менеджердің мәлімдемесі, бұл мәселенің тарихына үңілсек, біраз кеш жасалған секілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ТШО бүкіл күкіртті қысқа уақыт ішінде тасып әкетуге уәде берген қазақстандық кәсіпкерлермен жұмыс істеуден үзілді-кесілді  бас тартқан болатын. Бас тартудың себептері теміржол тармағындағы жүктің көптігінен (дегенмен кәсіпкерлер күкіртті автокөлікпен алып кетуге де риза еді) бастап, делдалдармен жұмыс жасамау туралы ТШО-ның принциптік ұстанымына дейін (алайда ықтимал серіктестердің арасында қытайлық тікелей сатып алушылар да болған) түрлі болды. Сол кезде қазақстандық компаниялардың бірі Теңізшевройлға Атырау облысының аумағынан Теңіз күкіртін өңдейтін зауыт салуды ұсынған еді, алайда ол ұсыныс та қабылданбады. Отандық кәсіпкерлердің пікірінше, ТШО күкіртті өткізуді монополияландырған, ал біздің елімізде мұндай компаниялармен бизнес жүргізу үшін еліміздегі биліктің жоғарғы эшелондарынан мүдделестер болуы керек, әрине, олар тек құр «рахметпен» ниеттес болмайды.

 

АПАТ ЕМЕС, ТЕК ҚАНА ІРКІЛІС ПЕ?

Академик Мұфтах ДИАРОВ бірінші буынды зауыттың қашан тоқтатылатынын сұрады. Академиктің пікірінше, КТЛ-1 мен 2  жүйелерінің қатты тозығы жеткен, соның салдарынан соңғы жылдары үлкен экологиялық зиян келтіріп отырған апаттар жиілеп кеткен.

Артығалиев ТШО-ның «апат» терминін қалай түсінетіндігін жеткізді:

- Иә, зауытқа 20 жыл болды, бірақ біз жыл сайын күрделі жөндеу жүргізіп отырамыз, оны тоқтату жоспарымызда жоқ. Жалпы біздің түсінуімізше, әңгіме апаттар туралы емес, техникалық іркілістер туралы болып отыр. Апат дегеніміз не? Бір нәрсе жарылса, опырылып құласа, сол апат. Ал біздің жағдайымызда, бұл - техникалық іркілістер. Екінші буынды зауыттың ұзындығы 1 км құрайды, ол жердегінің бәрі электроникамен жарақталған. Компрессор жарамсыз болып, жабдықтың істен шығатын кездері болады. Мұндай жағдай АМӨЗ-де болмайды деп ойлайсыздар ма? Іркілістерді жою үшін бізде ақауларды жедел реттейтін «сенімділік тобы» құрылған.

 

АЙЫРМАШЫЛЫҚТАР БАР

Шетелдік және қазақстандық мамандардың еңбекақыларының айырмашылықтары туралы сұраққа ТШО-ның қызметкерлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің менеджері Азамат ХАСАНОВ ТШО-дағы еңбекақының қызметкер қай елдің азаматы болса, сол елдің тіршілік ету деңгейіне сәйкес төленетіндігін мәлімдеді. Қазір ТШО-дағы уақытша іссапармен жіберілген қызметкерлердің 14 пайызы басқа елдердің азаматтары. Бізде Филиппин мемлекетінің азаматтары жұмыс жасайды. Олардың еңбекақылары қазақстандықтардан төмен. Сондай-ақ, еңбекақылары жоғары шетелдіктер де бар. Өйткені олардың елдеріндегі тіршілік ету деңгейі жоғары. Қарапайым ғана мысал: шетелде іссапарларда жүрген қазақстандық ТШО қызметкерлеріне олар барған елде белгіленген күнкөріс минимумына сәйкес ақша төлейміз.

 

ДОЛЛАР БӘРІН ШЕШЕДІ

Мұфтах ДИАРОВ, академик, Атырау мұнай және газ институтының аймақтық экологиялық проблемалар Ғылыми орталығының директоры:

- Теңіз кенішінің Келешек кеңею жобасына сәйкес мұнай өндіру көлемі қазіргі 24 млн орнына 36 млн тоннаға дейін жеткізілуі тиіс. Мен бұған жол беруге болмайды деп есептеймін.

1993-2011 жылдары ТШО 229,6 млн тонна тұзды мұнай өндіріп, атмосфераға 1 млн тоннадан астам зиянды заттар шығарды. Сонда бір тонна мұнайға 4,365 келіден келеді, ал жобалық норма - 2-2,5кг. Егер бүгінде жылына 60 мың тонна зиянды заттар шығарылатын болса, 36 млн тонна мұнай өндірген жағдайда бұл цифр кем дегенде үштен бір есеге көбейеді.

Теңізшевройл экологиялық мәселелерге немқұрайлы қарайды, олар «доллар бәрін шешеді» деген принцип бойынша әрекет етеді. Олай болмаса, Теңіз кеніші бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалаудың (ҚОӘБ) 1998 жылы жасақталып, содан бері қарай бірде бір рет жаңартылмағанын қалай түсіндіруге болады? Ал ҚР Экологиялық Кодексіне сәйкес, ол әр 5 жыл сайын қайта қаралуы тиіс. Шамасы, ТШО әр мәрте сайын жаңа бағалауды жасақтамай, мұнай өндіруге рұқсатты ұзарту туралы қоршаған ортаны қорғау министрлігімен «келісімге келетін» (мен мұның бағасын білмеймін әрине) болуы керек.

Улы заттардың жалпы шығарындыларының 40%-ы немесе 400 мың тоннасы Каспий теңізінің акваториясына түседі. Алайда ТШО қызметінің теңіз ортасына әсері мүлдем зерттелмейді.

Медиктердің мәліметтері бойынша, Құлсары қаласы тұрғындарының ауру-сырқаулық деңгейі соңғы жылдары 10 есеге артқан. Алайда ТШО бұл проблемамен айналыспайды, халық денсаулығын оңалтуға ешқандай сақтандыру қаржылары бөлінбейді.

Сан миллиондаған салмақтағы күкіртті ашық сақтаудың қоршаған ортаға әсері зерттелген жоқ. Оның үстіне, ТШО менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВТЫҢ араласуымен Мәжіліс депутаттары ТШО-ны жыл сайынғы бәлен миллиардтаған айыппұлдардан құтқарды. Олардың қандай шарттармен келіскені бізге беймәлім.

Өндіріс өсімін қамтамасыз ету үшін ТШО 105 терең ұңғылар санын 327-ке дейін жеткізбек.

Теңіз кенішінің бүкіл алаңын (400 мың шаршы км) 1х1 км мөлшер бойынша бұрғылау жоспарланып отыр, мұнда әр жаңа ұңғы 850-1 000 атмосфера қысымында болатын мұнай кенін ашады. Бұл 1986 жылы №37 ұңғыда орын алған апат ауқымындағыдай ондаған апаттар қаупін төндіретін өте қауіпті жол. ТШО мұның салдары үшін жауапкершілікте болмайды, өйткені Каспий теңізінің биоқорларын және жергілікті тұрғындардың денсаулығын сақтандыру жөніндегі ешқандай құжаттарға қол қойған жоқ.

Мұнай қабаттарының статиcтикалық ахуалы онсыз да бұзылған, ал мұнай өндіру артқан сайын жағдай шиеленісе береді. Мұнай қабаттарынан босаған орынды газбен немесе сумен толтыру мүмкін болмайды. Бұл бос орындар тіпті болмашы жер сілкінісінің өзіне опырылуы мүмкін. Ал біздің аймағымызда жер сілкіністері орын алған еді.

Біз есептеп шығарған Теңізден мұнай өндірудің ғылыми негізделген көлемі -  жылына 15 млн тонна. Ол тәжірибе жүзінде бұл шамадан асып кеткен, ал оның әрі қарай көбеюі апатқа әкеп соқтырады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 сәуір 2012, 18:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.