Атырау, 24 қараша 08:33
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Еуропаға арналған сый табақ

2 153 просмотра

ТШО-ның Болашақ Кеңею жобасының құны (Теңіз кенішіндегі үшінші зауыт құрылысы) – $20 млрд. Мұнай алыбының қазақстандық мердігерлері бұл сомадан оларға  бар болғаны $1-2 млрд қана тиеді, деп дабыл қағып отыр. 

Жоба аясында жаңа вахталық поселке салынбақшы және оның құрылысына 15 мың адам жұмысқа тартылады деген болжам бар. Бір қарағанда, одан артық тағы не керек? Бұл жерде инфрақұрылымдар кеңейеді және жұмыссыздық проблемасы ішінара шешіледі.

Белгілі себептерге байланысты құпия болып қалуды қалаған ТШО мердігерлерінің айтуынша, Болашақ Кеңею жобасынан (БКЖ) Қазақстан экономикасына  келіп-кетер ешқандай пайда жоқ: «БКЖ үшін барлық қажетті деген модулдар Еуропа зауыттарында жиналатын болды. Және бұрын ЕТЗ (екінші тынысты зауыт) құрылысы барысында 90% металқұрылымдар, жабдықтар, кабельдерді олар шетелдерден алған, ал бұл жерде тек құрастырып қана шығарған. Енді Қазақстанға дайын модулдар жеткізіледі, ал мұнда  тек жұмыстың шағын ғана бөлігі жүргізілетін болады (қазық қағу және құйдыру)».

БКЖ үшін қажетті металқұрылымдарын шығаруға Италияның, Испанияның, Швейцарияның ірі-ірі зауыттары тартылады екен. Қазақстанда ондай металқұрылымдарын ақтаулық «Ерсай Каспиан контрактор» компаниясы, «Keppel-Казахстан» ЖШС,  «Розетти Казахстан» ЖШС шығара алады. Алайда, БКЖ қажетті құрылымдарды жинақтау үшін модулдардың жалпы жиынтық салмағы 150 мың тоннаны құрайды, ал, қазақстандық компаниялар тіпті барлық күштерін жұмылдырса да бір жылда орындап шығуға қауқарлы емес. ТШО бір жыл ішінде барлық тапсырыстарын жүзеге асырып, құрастыру жұмыстарын аяқтамақ.

Әрине, біздің өндірушілер әзірге американдықтар мен ағылшындар немесе немістермен жұмыс көлемі және сапасы жағынан бәсекеге түсуге дайын емес. Алайда, ТШО жұмысты бөлуші ретінде шетелдік тапсырыстарды Қазақстан үшін тиімді талаптар бойынша үлестіре алған болар еді.

- Кез-келген зауытқа міндетті түрде қосалқы бөліктер қажетті. Олар да Қазақстанға Еуропадан жеткізіледі. Егер ТШО шетелдік мердігерлерге Қазақстанда өз филиалдарын немесе бірлескен компанияларын ашу туралы талап қойғанда олар келіскен болар еді. Келіспегенде ше, қаншама ақша! – деп есептейді біздің кәсіпкерлер.

ТШО-мен бірнеше жыл бірлесе жұмыс істеген олар бірқатар тәжірибе жинақтап үлгерді. Мамандар-монтаждаушылар, электриктер, жылу оқшаулау мамандары, тексеру-өлшегіш құралдары және автоматика мамандары да жеткілікті. Сондықтан да қазір ТШО БКЖ-на ҚР үкіметінен  қолдау күтіп отырғанда еліміздің мүдделерін алға тартудың дәл уақыты келді.

– Біздің үкіметіміз ТШО-ның ірі тапсырыстарды Қазақстаннан тыс жерлерден алу  жоспарларымен келіспеуі тиіс. Біз отандық кәсіпкерлер металқұрылымдарды бізде шығарып, оны біздің елімізде құрастыра аламыз деп нық сеніммен айта аламыз. Бізге үлкен жұмыс көлемдері керек, жергілікті халыққа жұмыс қажет,– дейді қазақстандық жеткізушілер.

8 мамырда ТШО кәсіпкерлер үшін Болашақ Кеңею жобасын таныстыру-түсіндіру форумын өткізуді жоспарлап отыр. Бәлкім үкімет өз кәсіпкерлерінің өтінішіне  форум жұмысы басталғанға дейін құлақ асар.

Сәния ТОЙКЕН

25 сәуір 2012, 19:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.