12 қараша жексенбі күні, АҚШ-тың 200 соғыс ұшағын тиеген үш алып авиаматкасы (Ұшақ тасымалдаушы кеме) өзге де бірнеше соғыс кемелерімен бірге Жапон теңізінде әскери жаттығу жасады. Бұл АҚШ пен Солтүстік Корея бір-біріне соғыс қаупін төндіріп тұрған уақытта, АҚШ-тың соңғы он жылда осы аймақтағы ең салмақты әскери әрекеті болып табылады. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.
Рейган атты алып соғыс кемесіндегі әскери лауазымдылардың хабарына қарағанда, сейсенбіге дейін жалғасатын әскери жаттығу барысында, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея әскери күштері тұтқиылдан жасалған шабуылдарға қарсы тұру жаттығуын өткізбек екен. Биылғы әскери жаттығу шұғыл жағдайда өтуде. Оның үстіне АҚШ-тың үш бірдей алып соғыс кемесінің Корей түбегіне жақын келуі 2007 жылдан кейін болып көрмеген.
Жақында ғана осы өңірге сапарлап қайтқан АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, бұл қадам Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын дамытуына жасаған ескертуі. Трамптың Сеулде сөйлеген 34 минуттық сөзінде үш авиаматканың АҚШ-тың стратегиялық активтері болып саналатынын, осы алып әскери техникаларды өңірге алып келу арқылы Солтүстік Кореяның арандатушылық әрекеттерінен бас тартуын үміт ететіндігін айтқан болатын.
Ал Солтүстік Кореяның мемлекеттік телеарналарының берген хабарында, Трамптың соңғы қадамдары арқылы өзінің «Соғыс саудагері» екенін дәлелдеді деп сынға алды және Трамптың Twitter парақшасында Солтүстік Кореяға бағыттаған пікірін айыптады. АҚШ қорғаныс саласындағы сарапшылардың айтуынша, соғыс бола қалған жағдайда, Солтүстік Кореяға қарсы ең пәрменді әдіс, тоқтаусыз әуе шабуылы болмақ екен.
Ал, АҚШ-тың бұл реткі Жапон теңізіне әкелген үш авиаматкасындағы F-18 ұшақтары, шабуыл бұйрығын ала салысымен, Солтүстік Кореяның кеңістігіне бірнеше минутта ұшып жете алады.
Дереккөз: qazaqtimes.com