Киевте жексенбіде Одесса облысының экс-губернаторы, Украинаның оппозициялық "Жаңа күштер қозғалысы" партиясының жетекшісі Михаил Саакашвили ұйымдастырған "Наразылар маршы" өтті. Маршқа мыңға тарта адам қатысты.
Украина президенті Петр Порошенкоға импичмент жариялап, коррупцияға қарсы сот құру туралы Жоғарғы Радаға қойған талаптарды қолдаған шеру Киевтің Михайловск алаңынан басталып, Конституция алаңында аяқталды. Саакашвилидің серігі, Украина бас прокурорының бұрынғы орынбасары Давид Сакварелидзенің журналистерге мәлімдеуінше, егер билік наразылардың талабына құлақ аспаса, онда 3 желтоқсаннан бастап Порошенкоға "халықтық импичмент" жариялау процесі басталады.
Саакашвилимен бірге шеруге оның әйелі Сандра Рулофс және кіші ұлы Николоз да қатысты. Демонстранттар "Импичмент!", "Коррупция - өлтіреді!" деп ұрандатты. Демонстранттарды жүздеген полицей бақылап жүрді.
Киевтің орталығындағы марш - Саакашвили жақтастарының кезекті акциясы. Олар 17 қазанда Жоғарғы Рада алдына шатырлар тіккен. Парламенттегі қарсылық акциялары жазда Михаил Саакашвили Петр Порошенконың жарлығымен Украина азаматтығынан айырылғаннан бір айдан соң, жақтастарының қолдауымен Польша шекарасынан елге кіргенде басталған. Бұған дейін демонстранттар Украина билігіне депутаттардың қол сұғылмаушылық құқығын жою, сайлау туралы заңды өзгерту және коррупцияға қарсы сот құру туралы талаптар қойған болатын. 7 қарашада оған "Украина президентіне импичмент жариялау туралы" заң қабылдау туралы талап та қосылды.
Белсенділер талабына жауап ретінде депутаттар Украинаның Конституциялық сотына депутаттардың қол сұғылмаушылық құқығын жою туралы заң жобасын баға беруге жолдап, сайлау туралы кодексті алғашқы оқылымда мақұлдаған. Саакашвили депутаттардың бұл шешімдерін наразылардың "алғашқы жеңісі" деп атап, Жоғарғы Рада алдындағы шатырлар билікке қойылған талаптар толық орындалғанға дейін жиналмайтынын мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық