Атырау, 11 қазан 09:54
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Төраға Атырауда

3 397 просмотра

23 сәуірде Атырау облысына «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВ келді.

 

ККЖ – ДАУА ЕМЕС

Дүйсенбі күні Шөкеев «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен бірге Теңіз кенішіне аяқ басты. Келешек кеңею жобасының (ККЖ) таныстырылымы барысында ТШО қызметкерлерінің бірі оны жүзеге асыруды жеделдету керек деп мәлімдеді. Шөкеев өз кезегінде өндіру көлемін көбейтуді ойлап қана қоймай, халықтың мүдделерін ескеруді өтінді.

Бұл мәселедегі ҚМГ ұстанымын ұлттық компанияның басқарма төрағасының геология жөніндегі орынбасары Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ:

- ТШО егер таяу уақытта жаңа жоба жүзеге асырыла бастамаса, кеш болады деп есептейді. Біз олай деп санамаймыз,- деп мәлімдеді.

Шөкеев, сондай-ақ, ТШО басшылығына өздерінің сүйікті әдістерінен – экономикалық бопсалаудан бас тартатын кез жеткенін ұқтырды:

- ТШО басшылары жобаны жүзеге асыруды тездетіп бастамаса, Қазақстанға келетін инвестиция ағымы азаюы мүмкін деп сендіреді. Қорқынышты дәнеңе жоқ, біздің мұнай-химия кешеніміз бар.

ТШО, шынымен де, аймақ пен еліміз үшін өзекті: отандық өндірушілерде тапсырыстың болмауы, Қашаған жобасының бірінші фазасының аяқталуына байланысты аймақтағы жұмыссыздық қаупі секілді проблемаларды белсенді түрде әсірелеп отыр. Бірақ бәрібір, ККЖ шеңберіндегі тапсырыстардың басым бөлігі шетелге кетеді, Қазақстанда тек дайын модульдерді құрастыру ғана жүзеге асырылатын болады («АЖ», 12.04.12 жыл, №15 «Кеңею жобасының келешегі», сондай-ақ 3-бетті оқыңыздар).

 

ҚАШАҒАН: МҰНАЙҒА ДЕЙІНГІ 8 АЙ

Сапардың екінші күні Өмірзақ Шөкеев пен облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ D аралдарына баруымен басталды. Содан кейін Қарабатандағы «Болашақ» вокзалының ғимаратында НКОК пен Аджип ККО өкілдерімен кеңес болып өтті.

НКОК-тың төраға-басқарушы директоры Пьер ОФФАННЫҢ (суретте) қысқаша сөйлеген сөзінен кейін журналистерден залдан шығуды өтінді. Бүкіл БАҚ өкілдеріне арналған жалғыз ғана таныстырылым материалынан жұмысшылардың саны туралы парақты алып тастапты. Оффан қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының 95 пайызға аяқталғанын хабарлады. Естеріңізге салсақ, 2011 жылдың қыркүйегінде президенттің сапары кезінде оған 94% туралы баяндаған болатын. Уәде етілген алғашқы мұнайға дейін 8 ай уақыт қалды. Олар Шөкеевке үлгеретіндіктерін айтып сендірді.

Әрі қарай таныстырылымда D аралында 12 ұңғының, А аралында 8 ұңғының аяқталғаны айтылды. Екі аралдағы ықтимал өндіру деңгейі – тәулігіне 57 мың тоннадан астам. ЕРС2 және ЕРС3 бұрғылау аралдарында – әрбіреуінде 7 ұңғыдан бұрғылау жүріп жатыр, ЕРС4 аралында – 6 ұңғыны бұрғылау 2012 жылдың аяғына жоспарланған. Оффанның айтуынша, қазіргі уақытта жобада 10,5 мың адам жұмыс жасап жатқан көрінеді.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Аджип ұсынған мәліметтерге сілтеп, жобада 5,5 мың мердігер және қосалқы мердігер жұмысшыларының жұмыс жасап жатқандығын мәлімдеген еді. Естеріңізге салсақ, құрылыстың шырқау шегінде жұмысшылар саны 20 мың адамнан асып кеткен болатын. 2012 жылдың басында 4 мыңнан астам жұмысшы жұмыстан босатылған, оның 50 пайызы – Атырау облысының тұрғындары.

 

ЖЫЛЫ ӘРІ ШУЛЫ БОЛАДЫ

Қарабатандағы «Болашақ» зауытынан кейін Шөкеев «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технобағы» арнайы экономикалық  аймағы құрылған болашақ газ-химия кешенінің құрылыс алаңына ат басын тіреді.

Жобаны «Біріккен химия компаниясы» ЖШС басқармасының төрағасы Дәурен ЕРДЕБАЙ таныстырды.

Атап айтқанда, ол кешен құрылысының барысында 6 мыңға дейін жұмысшылар тарту жоспарланып отырғанын хабарлады. Қазір инфрақұрылым мен іргетас құрылысымен 250 адам айналысып жатыр. Алайда жыл аяғына дейін кадрлардың санын бір мыңға дейін жеткізу, ал келесі жылы 3 мың адамға дейін жеткізу жоспарланған.

Ердебай жергілікті билік пен Шөкеевті жобаның экологиялық тұрғыда зиянсыз екендігіне сендірді:

- Иә, бұл жерде қысым мен температура жоғары және катализаторлар бар. Бірақ күкірт те, улар да бөлінбейтін болады. Факельдік шаруашылыққа келер болсақ, құрамында күкірті  бар газ болмайды. Тек шуыл мен жылы болады.

Ол сондай-ақ, жобалық аумақтың оңтайландыру есебінен 300-ден 180 га-ға дейін қысқарғанын хабарлады.

 

БАЙТАЗИЕВПЕН ЖЕКЕ ҚОШТАСУ

АМӨЗ-дегі Хош иісті көмірсутек өндіру кешенінің (ХӨК) құрылыс алаңында жұмыс қызып жатыр. Мердігер өкілі – қытайлық «Синопек Инжиниринг» компаниясы ХӨК-ке арналған жабдықтар шілде-тамыз айларында келетінін хабарлады.

Шөкеевтің сапары алдында бүгінгі таңда биліктен шеттетілген Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ кадры - «АМӨЗ» ЖШС директоры Талғат БАЙТАЗИЕВТІҢ отставкаға кететіндігі туралы қауесеттер желдей есті. Алайда зауыт басшысы ауысқан жоқ. Керісінше, 15 минут екеуара әңгімелескеннен кейін Байтазиев пен Шөкеев өте жылы қоштасты. Жоғары мәртебелі мейманды күтіп тұрған облыс әкімі мен оның орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТЕН жасырған олардың қандай құпиялары болуы мүмкін? Әлде біздің басшылар жай ғана шай-су ішуден бас тартты ма екен?

 

КҮЙДІРЕТІН БОЛАМЫЗ

Экологтардың қарсылықтарына қарамастан, Солтүстік-Каспий экологиялық мұнай төгіндісіне әрекет ету базасын салу жұмыстары жүріп жатыр. Жол бойына жаңа тікұшақ алаңы салынған, ал базаның өзінің аумағына ғимарат іргетасы құйылып, металл конструкциясы салынуда.

«ТеңізСервис» ЖШС бас директоры Ғазиз ҚҰСАЙЫН база құрылысын Қашағандағы алғашқы мұнайды өндіру мерзіміне жақын уақытқа - биылғы жылдың қарашасына қарай аяқтау жоспарланғанын хабарлады.

- Базада әкімшілік кешен, төгінді кезінде зардап шеккен адамдарға көмек көрсететін медициналық қосын, жануарларға арналған құтқару орталығы, жабдықтарды сақтауға арналған қойма орынжайлары мен 14 кемеге – 8 қолдау кемесі, 4 катер және 2 буксирге арналған кеметұрақтар орналасатын болады. Сондай-ақ, әуе жастығы бар 2 кеме қарастырылған, - деп қосып қойды Ғ. Құсайын.

Делегацияға скимер-мұнай жинаушылар мен қолдау кемелерінің түсіру каналы арқылы суға түсіп, Приморский каналы арқылы теңізге қалай шығатындығы туралы үш өлшемді суреттемені көрсетті.

-  Жылына 300 күндей «жел розасы» Қашаған кенішінен Атырау бағытына қарай соғады. Бұл мұнай дағы төгілген жағдайда осы өлкенің биотүрлілігі  шоғырланған қамыс қопаларына қарай жүзіп барады деген сөз. Ал осы қопаларды тазарту технологиясы жоқ, тек күйдіру керек. База төгінді болған жағдайда жабдықты шұғыл шығарып, ықтимал ластанған жерлерді бондармен қоршайтындай орналасқан, - деді Ғазиз Құсайын.

Бұл күн әкімдіктегі кеңеспен аяқталды. Оған БАҚ өкілдері шақырылған жоқ.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

МАМАНДАР АРМИЯСЫ

Сейсенбі күні, 24 сәуірде Астанада ҚР мұнай-газ және тау-кен саласының сервистік компаниялар одағы ұйымдастырған қазақстандық өндірушілер мен жеткізушілердің «ҚазМұнайГазСервис-2012» атты конференциясы болып өтті.

- «Кейбір шетелдік рекрутингтік агенттіктердің бағалауы бойынша Қашағандағы екінші фазаны жүзеге асыру үшін, сондай-ақ ТШО мен Қарашығанақтың жобаларын кеңейту үшін 100 мыңдай шетелдік мамандарды импорттау жорамалданып отыр. Әрбір шетелдік орташа алғанда айына 15 мың доллар еңбекақымен 1 жыл жұмыс істейтін болады. Аталмыш мамандар елден 7-9 жыл ішінде 15-20 млрд доллар әкетуі мүмкін», - деп хабарланған Одақтың баспасөз релизінде.

 

ТЕҢІЗДЕ ТҮК ҚАЛДЫРМАЙДЫ

«Каспий табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХӘКІМОВ:

- «Шевронмен» келісім-шарт 2032 жылы, яғни 20 жылдан кейін аяқталады. Жылына 36 млн тоннаны (ККЖ іске қосылғаннан кейін ТШО-ның ықтимал жалпы өндіру көлемі) көбейтіңіз, сонда 720 млн тонна шығады. Соған сәйкес, өндірілген мұнайды есептегенде, зерттелген 3 миллиардтың 1 миллиарды дерлік шығарылатын болады. Ал қалған 2 млрд-ын ешқашан өндіре алмайды, өйткені кез-келген кеніште түрлі геологиялық және технологиялық себептерге байланысты барлық қорлардың тек үштен бірі ғана шығарылады.

25 сәуір 2012, 17:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.