Бұдан бұрын хабарланғандай, жоспарлы тексеру барысында 2016 жылдың қаңтарында «Теңізшевройл» компаниясының алауында 33 млн текше метрден астам құрғақ газ жағылғаны анықталды. 2017 жылдың маусымында осы факті бойынша сот компаниядан 543 млн теңге мөлшерінде айыппұл өндіріп алды. Жақында осы хикая бойынша компанияның есепшотынан 4,8 млрд теңге мөлшерінде қоршаған ортаға тигізілген зиянды өндіру туралы сот шешімі шықты.
Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВТЫҢ айтуынша, ТШО заңгерлері бұл шешімге шағымдануға уәде берген. Естеріңізге салсақ, мұнайгаз саласы кәсіпорнынан түскен бүкіл экологиялық айыппұлдар республикалық бюджетке құйылады. 2017 жылдың 30 мамырында Теңіз кенішінде орын алған күкіртсутек шығарындысына келер болсақ, Қапанов жақында ТШО-ға 248 млн теңге айыппұл салынғаны туралы сот шешімін алғанын хабарлады. Ол туралы біздің бұрынғы жарияланымдарымызда айтылған болатын.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ