1993 жылы Индер ауданы Есбол ауылында Кулагино ұлттық гимназиясы ашылды. Көп үміт күтілген оқу орны өз мәртебесіне ақыры жете алмады. Басында оқушыларды іріктеу арқылы қабылдаған гимназияда кейін бәрін қатарынан қабылдайтын болды. Гимназия ашылған соң көп кешікпей материалдық-техникалық жарақтандыру тоқтатылып, кейін коммнуалдық мәселелер шыға бастады.
Гимназияны ашарда ғимаратқа балабақшаны да орналастырып, оны арасында күрделі жөндеу керектігі ұмыт болды. Жөндеуге бөлінген ақша тек әктеп-сырлауға ғана жетті. Гимназиядағы спортзал деген аты ғана, аядай бөлмеде теннис, гимнастикалық жаттығулар жасаудан басқа спорт түрімен айналысу мүмкін емес. Сынып бөлмелері де жетіспейтін.
Осы жылдың қыркүйегінде аудандық білім бөлімінде гимназия жұмысында көп кемшіліктер тапқан арнайы комиссия құрылды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Берік ШӘКІМОВ гимназияның лецинзиясына сай келмесе де онда мектепалды даярлық тобы ашылғанын айтады.
- 18 жыл бойына біздің гимназияның ұстаздары жалпы білім беретін мектептің бағдарламасымен оқытып келеді. Сол себепті осы оқу жылының үшінші тоқсанында біздің гимназия жай мектепке айналады, - деп хабарлады Кулагино ұлттық гимназиясының директоры Асхат ТІЛЕКҚАБЫЛ.
Енді «гимназияны емес, жай мектепті жөндеуге ақша табыла ма?» деген сауал әзірге жауапсыз қалып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА