Атырау, 22 қараша 19:14
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Иттерді өлтіріп, өртейді

8 004 просмотра


Биыл Атырау облысында қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою үшін жергілікті бюджеттен 50 млн теңгедей қаражат бөлінген. Осыншама қаржы жұмсайтындай олар бізге қаншалықты қауіпті? «АЖ» тілшісі анықтап көрген болатын.

ОЛАР КІМГЕ ЗИЯН?

Көшеде қаңғыған иттер мен мысықтардан түрлі аурулар тарауы мүмкін. Жануарларға жанашырлық сезімін танытқан адамдар оған да қарамай, үйлеріне әкеліп асырап алып жатады. Сондай жандардың бірі - Атырау тұрғыны Альбина ОСПАНОВА. Ол биыл жазда өзі тұрып жатқан үйдің подъезін бір ай бойы пана қылған көшедегі мысықты асырап алыпты:

- Көршілерім «ауру жұқтырасың» дегенімен, сүп-сүйкімді мысыққа деген махаббатым оны үйге кіргізді. Бірақ алдымен ветеринар дәрігерге апарып көрсеттім. Инелер салып, антибиотиктер екті. Ол мысықтың ауру емес екендігін айтты. Осыдан бастап үйіміздің жаңа мүшесі пайда болды.

Ал зейнеткер Анастасия Петровна британдық мысығымен бірге бес жыл тұрған.

- «Породистый» мысығым (Британдық мысықтың нарықтағы құны 50 000 теңгеден басталады. – Ф.А.) бір күні жоқ болып кетті. Қатты бауыр басып қалған мысығым ғой, іздеп таба алмадым. Арнайы орындарға алып кетті дейін десем, бізде ондай орын жоқ екен. Кейін көшеден басқа мысықты асырап алдым. Үйдің бәрін бүлдіріп, денемді тырнай берген соң, далаға шығарып жіберуге тура келді.

Облысымызда қаңғыбас иттер мен мысықтардың арасында қандай ауру жиі таралатынын көп ешкім біле бермейді екен. Оны біз блиц-сауалнама кезінде білдік. Өйткені ауланған ит пен мысықтарды диагностикаға емес, өлтірілгеннен кейін өртеу пешіне апарады.

Қолда бар мәліметке сәйкес, қаңғыбас иттер мен мысықтардың арасында экземадан, теміреткісі (стригущий лишай), жұмыр құрт (круглые черви), лихородка, токсоплазмоз, ит сүзегі (собачий тиф) жиі кездесетін болса, ал ең көп тарағаны және қауіптісі - құтырма ауруы. Дер кезінде шара қабыламаса, бәрі кеш болады. Ал әр қаңғыбас ит пен мысықты ұстап дәрі егуге бюджеттен ақша қаралмаған.

ИТТЕРДІ АТПАЙДЫ, ДӘРІМЕН ӨЛТІРЕДІ

Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулап жоюға жауапты Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы  Мақсот МҰҚАНОВ «АЖ» сауалына жауап берген болатын.

- Жыл басынан бері қанша ит-мысық ауланды? Олардың өлексесін не істейсіздер?

- Облыс бойынша 14 397 ит пен 3 587 мысық ауланып, жойылды. Олардың өлексесін арнайы өртеуге арналған инсинератор пештерінде өртеліп, жойылады.

- Оларды қандай жолмен аулайсыздар?

- Иттерді бұрынғыша мылтықпен атпаймыз. Арнайы дәрі-дәрмек пайдалану арқылы жоямыз.

- Иттер мен мысықтарды өлтіру ҚР ҚК 316-бабы «Жануарларға қатыгездікпен қарау» заңына қарсы келмейді ме?

- Иттер мен мысықтарды дәрі-дәрмек қолдану арқылы жояды деп айттым ғой. Сол себепті оларға қатыгездік көрсетілмейді. Олардың жоюдағы басты мақсат  адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті аурулардың таралуын алдын алу болып табылады.

- Осы қаңғыбас иттер мен мысықтарды өлтірмей уақытша ұстау орындарына апаруға болмайды ма?

- Облыс аумағында оларды ұстайтын орын жоқ екендігі баршамызға мәлім. Бірақ алдағы уақытта иттер мен мысықтарды ұстау орындарын бөлу жөнінде ұсыныстар қаралып жатыр.

Сонымен қатар, басқарма басшысы көшеде тұмылдырықсыз (намородник) жүрген  итіңізді атып тастаса, сізге өтемақы төлемейтінін де ескертті. Ал догхантерлер (ит атушылар) көшедегі ит пен мысықтың үйдікі немесе қаңғыбас екенін ажыратып тұруға уақыт жоқ «бірден аулап аламыз» дейді.

Фархат ӘБІЛОВ

«АЖ» анықтамасы:
Қазақстанда қанша қаңғыбас ит-мысықтар бар екені білгісіз. Тек қана олардың ұсталғандары ғана есепке алынады. Тіпті үй иттері мен мысықтарды көшеге лақтырып тастағандарғада ешқандай шара қолданылмайды. Мәселен Германияда үй жануарын көшеге лақтырғаны үшін 25 мың еуро айыппұл төлесе, Италияда 1 жылға дейін түрмеге отырғызады.
Қазақстанда жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң бар. Егерде жануарларға қатыгездікпен қарасаңыз сізге осы заңның аясында 100- 200 АЕК шамасында айыппұл салынуы мүмкін.


6 қараша 2017, 10:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.