Бірнеше ата-ана «АЖ» редакциясына Атырау мектептерінде цирк және басқа да қойылымдар көрсететініне және ол үшін балалардан 500, 1000 теңге және одан да көп ақша алатынына шағымданды. Біз қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Алмабек АБДОЛОВТАН комментарий алдық.
- Ата-аналар өткен аптада қаламыздағы №2 мектепте бағасы 500 теңге тұратын «Миньондардың қызықты оқиғалары» атты қуыршақтар спектаклінің қойылғанын және ол сабақ уақытында көрсетілгенін хабарлады.
- Мүмкін емес. Мен ондайды естімедім. Рас, қалалық білім бөліміне түрлі театрлардың директорлары мектептерге спектакльдерін қоюға рұқсат сұрап келеді. Жақында ғана қаладағы №18 мектепке бір адамдардың салауатты өмір салтын насихаттауға арналған ақылы шара өткізгелі жатқанын айтып, бір ата-ана хабарласты. Мен дереу мектеп директорына хабарластым. Әлгі кәсіпкерлердің рұқсат қағазы жоқтығын білгенде, мектептен шығарып жіберуге бұйрық бердім. Негізі, мен өзім осыдан бір жыл бұрын қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы лауазымында жүргенімде, барлық мектептерде ақылы түрде ешқандай шара өткізбеу туралы бұйрық бергенмін. Содан бері ақылы шараларға жол берілмейді.
- Дегенмен, №2 мектепке қатысты не болды?
(Абдолов №2 мектеп директорының ұялы телефонына хабарласты. «Кімдер, қайдан келген адамдар?» деген сияқты сұрақтың астына алған әңгімеден соң «Сол үшін түсініктемеңізді жазып, бізге әкеліп тастаңыз» деп, телефон тұтқасын баса салды).
- Онда қуыршақтар спектаклі емес, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған ақылы шара өткенін айтты. Бірақ, қайдан, кімдер келгенін білмеймін, анықтаймыз.
- Бірақ, 25 қазан күні Б. Нысанбаев орта мектебінде «Спасем планету вместе» 5D форматта фильм-аттракционы өтетінін айтып, сынып жетекшілері 1200 теңге жинатқан. Бірақ, қойылым болатын 25-і күні қойылымның болмайтыны туралы хабарланып, ақшалары қайтарылған. Ата-аналар мектептерге мұндай бағасы қымбат қойылымдар жыл сайын келетінін айтады. Жалпы, мектептің акт залдарын осындай коммерциялық ұйымдарға жалға беру қаншалықты заңды? Және олардан түскен қаражат қайда жұмсалады?
- Жоғарыда айтқанымдай, қалалық білім бөліміне қала мектептерінде ақылы цирктер өткізуге немесе оқушыларды суретке түсіріп, күнтізбе дайындап сатуға өтініштерімен кәсіпкерлер көптеп келеді. Біз оларға ондай жұмыстарға тек ата-аналар келісім берген жағдайда ғана рұқсат етілетінін айтамын. Ал, сіз айтқандай, мектептерде ақылы шараның өтуіне рұқсат жоқ.
Мен қайталап айтамын, біз қазір мектептерде ата-аналардан ақша жинауға жол бермейміз. Тіпті, мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына да ақша жиналмайды, оған бюджеттен арнайы қаралатын қаражаттар бар. Ешқандай мектептердің акт залдары да кәсіпкерлерге жалға берілмейді. Кәсіпкерлер мемлекеттік мекемеде бизнесін жүргізуге қақысы жоқ.
Алмабек Абдолов бұл мәселелерді әлі де анықтайтынын және ол туралы бізге қосымша хабарлайтыны туралы уәде берген болатын. Алайда ол қазір үнемі бос емес, біресе жиналыста, біресе іссапарда жүр.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА