Атырау, 26 қараша 21:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Күтпеген тас жол

Сурет Бейнежазба
4 023 просмотра


«АЖ» редакциясына «Өркен» ықшамауданының тұрғыны Қаламқас МАХАНОВА өзіне тиесілі жерге рұқсатсыз тас жол түскені туралы шағымданды. Енді қар-жаңбырдың суы үйінің ауласына құйылып жатыр.

Маханованың айтуынша, оның проблемасы өткен жылы қалаға көп жауған жауын-шашын кезінде басталған. Толассыз жауған жаңбыр суынан жаңадан салынған үйдің ауласында жер асты суы көтеріліп, аулаға су жиналады. Ол қала әкімдігіне бірнеше мәрте көмек сұрап барғанымен, онысынан ештеңе шықпайды. Сөйтіп жүргенде, өзіне тиесілі бос жатқан жердің бір бөлігінен белгісіз біреулердің еш рұқсатсыз құрылыс жұмыстарын жүргізгелі жатқанын көреді.



- Бізге берілген жер құжатында бұл тас жолдың түсетіні туралы айтылмаған. Менің қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне арыздандым. Онда маған «тас жол салу жоспарға кейін енгенін, менің рұқсатсыз алынған жерім басқа жерден қайтарылатынын айтты». Мен оған да келістім. Бірақ, тас жолды салып жатқанда барлық топырақ менің үйімнің ауласына құлап, карьер суы одан сайын ауламды толтырды. Жеті тәулік бойы ауыл әкімімен бірге аулаға жиналған суды сорғыздық.  

Оның қолындағы қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИДЕН келген жауапхатта: «Сіздің жер теліміңіздің аумағындағы карьерге топырақ төгіп беру жұмыстарына бюджеттен қаражат қаралмаған. Әкімдік сізге топырақ тиелген 15 КамАЗ жіберді» деп жазылған.

Маханова 6 КамАЗ-дың ғана болғанын айтады:

- Мен ТКШ бөліміне барғанымда, ондағылар маған «апа, әкімге бармай-ақ қойыңыз, үйіңіздің су басқан аумағының барлық жеріне топырақ төгіп, тегістеп береміз» деп уәде берді. Ұзақ күтіп, кері барғанымда, ондағылар: «Сіз неге келе бересіз? Төктік қой, жарамай ма? Ұнамаса, өз жеріңізді мемлекетке кері қайтарып беріңіз» деді.



Редакция сауалына Мейірім Қалауи былай деп жауап берді: «ҚР Жер кодексінің 84-бабына сәйкес, мемлекеттік қажеттілікке алынған жер учаскеңіздің орнына тепе-тең жер учаскесі берілетінін және қала әкімінің атына өтініш білдіруіңіз қажет екенін қаперіңізге береміз». 

Демек, күрделі ештеңе жоқ. Маханованың үйін ауа арқылы жаңа орынға көшіру ғана қалып отыр.


Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Фото және видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

1 қараша 2017, 15:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.