Атырауда полицейлер екі ителгі асыраған ер адамды ұстады. ІІД баспасөз хабарламасында сирек кездесетін құстарды «Учаске» жедел-алдын алу шарасының аясында жүргізілген тексеру барысында учаскелік инспектор тапқаны жазылған.
Ол құстарды Сарыарқа ықшамауданындағы көп қабатты үйдегі пәтерлердің бірінің балконынан көрген. Үй иесі ителгілерді 150 мың теңгеге танымайтын ер адамнан сатып алғанын түсіндірді. ҚР ҚК-ның 339-бабы («Жануарлардың сирек кездесетiн түрлерімен заңсыз айналысу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ителгілер аумақтық орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі инспекциясына жеткізілді.
Ителгі – ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген сұңқарлар тұқымдасына жататын сирек кездесетін құс. Сұңқарды аңға салумен танымал Араб Әмірліктерінде бұл құстар ондаған мың доллар тұрады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ