Бүгін, 31 қазан Қазақстан журналистер Одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейітқазы МАТАЕВТЫҢ туған күні. Мүмкін, оны ұлы Әсетпен бірге отырған колониядағы көршілері таңнан бері құттықтап жатқан да болар.
Айтпақшы, осы жылдың көктемінде Сабыр Қайырханов екеумізге Сейітқазымен көрісуге темір тордың ар жағында отырған осы ұлы Әсет көмектескен болатын. Ол өзінің қысқа мерзімді кездесу лимитін әкесіне берген еді (оларды ұстау режимі бойынша екі айда бір рет кездесу рұқсат етілген). Талантты жас журналистті көп жыл бұрынғы қайдағы бір қаржылық бұзушылық үшін бес жылға соттап жібергендері әлі күнге дейін түсініксіз? Егер ол ҚазТАГ бас директоры болып күні кеше ғана тағайындалған болса? Әкесі үшін өштесіп, кепілгер қылғандары ма?
Бір нәрсе анық: өздерін кінәлі сезінбеген Матаевтар тергеу ісімен келісімге бармады, ар-намыстарынан аттап кетпеді, өз мамандықтарына және журналист атына кір келтірмеді.
Әріптесімізді және біздің ескі досымыз Сейітқазыны туған күнімен құттықтай отырып, оған денінің саулығын және ұлымен бірге бостандыққа тезірек шығуын тілейміз.
Әбділдә МҰҚАШЕВ