Сауд Арабиясындағы әйелдер 2018 жылдан бастап ер азаматтармен қатар спорт алаңдарына ойын тамашалауға бара алады. Қазір Рияд, Жидда және Даммам қалаларындағы спорттық кешендерді дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыдан бұрын Сауд Арабиясы әйелдеріне бірінші рет көлік жүргізуге рұқсат етілген болатын. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Экономикасы мұнайға негізделген елдің тарихында тұңғыш рет әйелдерге берілетін мүмкіндіктердің кеңеюі - Сауд Арабиясының 32 жастағы басшысы Мұхаммед бин Салман ханзаданың "Vision 2030 " стратегиялық жобасы аясында қолға алынып отыр. Ол Сауд Арабиясы қоғамына көп әлеуметтік өзгерістер әкеліп, Ислам дінін жаңа заман талаптарына сай етіп, модернизациялауды ұсынған болатын. Алдағы уақытта араб қоғамында тыйым салынған кинотеатр мен концерт сияқты ойын-сауық бағдарламалары қалыпты жағдайға айналады деп күтілуде.
Мұхаммед бин Салман: "Біздің халқымыздың 70 пайызы 30 жасқа дейінгі жас азаматтар. Олар Ислам діні толеранттылықтың белгісі болатын қоғамда өмір сүргілері келеді", -деп хабарлады.
Дегенмен ел ішіндегі радикалистер әйелдерге бұрынғыдан артық еркіндіктер берілуіне қарсы болып отыр. Олар Рияд қаласындағы спорт алаңында Сауд Арабиясының Ұлттық күнін тойлау шарасына әйелдер бірінші рет қатысқан кезде наразылық білдірген болатын. Теріс пікір білдіргендердің басым бөлігі - уахабизм сияқты әйелдің құқықтарын қатаң шектейтін ағымдардың өкілдері.
Дереккөз: qazaqtimes.com