Мүгедек жандардың мұңын ет жақын адамдарынан кейін әлеуметтік қызметкер ғана жақсы түсінеді. Олардың кәсіби меркелері қарсаңында өздерімен әңгімелескен едік.
Күн сайын жалғызбасты қарттар мен мүгедектердің пәтерін тазалау, дүкеннен керек-жарағын әкеліп, коммуналдық шығындарын төлеп беру, барлық шаруаларын тындыру - әлеуметтік қызметкерлердің міндеті. Зейнет жасқа шығуына бір жыл мерзімі қалған Сәуле РЫСБЕКОВА ғұмырының 19 жылын осы мамандыққа арнаған.
Оның қарамағында 10 жалғызбасты қария бар. Ол өзі күнделікті жұмысына қалаға таңертең ертемен Теңдік ауылынан келеді.
- Автобустармен тегін қатынаймыз. Өйткені бір күнде тіпті он рет мінуің мүмкін. Біреуіне дәрі-дәрмек қажет болса, екіншісін емханаға апарып келу керек, ал біреуімен жәй әңгімелессең болды. Кейбіреулері далаға да шыға алмайды, - дейді Сәуле апа.
Мен бұл күні Сәуле апайға ілесіп, екінші топ мүгедегі 70 жастағы Талжан СҮЙІШАЛИЕВАНЫҢ үйіне бардым. Қалада өзге туыстары жоқ, өзі бір бөлмелі пәтерде тұрады.
- Денсаулығыма байланысты үш жылдан бері әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгініп отырмын. Нан-шәйімді үйдің қасындағы дүкеннен алып келемін. Басқа ауыр заттарды көтеруге денсаулығым шыдамайды. Әсіресе қыс кезінде қиын. Үй шаруасына да әлім келмейді. Сәуле он күнде бір рет үйімді жинастырып береді, аптасына екі мәрте келіп дәрімді де сол әкеледі, - дейді Талжан апа.
Элеонора ЖОЛДАЕВА бұл жұмысқа өз басынан өткен жағдайдан кейін келген. 14 жыл бойына төсекке таңылған ұлына қараған:
- Ұзақ жыл үйде отырып, қоғамнан тыс қалып қойдым. Жұмыс сұрап барғанымда мені ойланбастан осы қызметке алды. Мүгедек баланың жағдайын мүгедекті баққан адам ғана түсінеді. Сондықтан да шығар, қарамағымдағы балалардың көңілін түсініп, тілін тез табамын.
Элеонорамүмкіндігі шектеулі алты баламен жұмыс жасайды. Мен онымен бірге түстен кейін Еркебұлан есімді күтім алушы балаға барғанда оның ата-анасы бізді жарқын шыраймен қарсы алды.
Ол Еркебұланға аптасына екі рет екі сағат уақытын арнайды. Бұдан бөлек, айына екі рет ағылшын, орыс тілі пәнінің мұғалімдері 30 минутқа келіп тұрады. Сауат ашу, математика пәнінен бір мұғалім аптасына үш рет келеді.
- Еркебұланды алдап отырып, жылы сөздер айтып оқытпаса, ұрысып сөйлегенді жақтырмайды. Ашуланса, сабаққа ешқандай ынтасы болмайды, өзіне көңіл аударғанды ұнатады. Оны апасындай болып кеткен Элеонора ғана жақсы түсінеді. Концерттерге серуендеуге шықса да оған сеніп тапсырамын. Қазір баланың қолы қалам ұстауға икемделіп, сурет салуға қызығушылығы артып келе жатыр, - дейді анасы.
Элеонора Жолдаева:
- Мен үйден көмек көрсететін балалардың ең кішісі 3 жаста үлкені 12-де. Менің жұмысым оларды қабілеті бар іске бейімдеп, жаңа жылда және балалар күнінде мерекелік шараларға алып барып, көңілдерін аулау. Ата-анасының қолы тимесе, баланың құжаттарын да реттеп беремін. Айлық табысым 45 мың теңгеге жуықтайды. Ең бастысы біздің жұмысымызда сабыр, төзім қажет.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор