Атырау, 26 қараша 21:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Көлік жүргізшілердің қырық айласы

3 894 просмотра


Қазір көлік жүргізушілерінің арасында жылдамдық өлшеуіш құрылғыларына жақындағанда мемлекеттік нөмірді төңкере қоятын арнайы құрылғылар (номер перевертыш) орнату белең алған. Немесе жолдағы бейнебақылаудан мемлекеттік нөмірді жасыру үшін көлік нөміріне нано-жапсырмалар (нано-наклейка) қолданады. Тіпті, антирадар да ұсынылады. «АЖ» тілшісі осындай құрылғылар сататын сатушылармен хабарласқан болатын.

- Бір нөмірге жапсыру, жеткізумен 8 000 теңгедей шығады. «Спанч-Бобқа» (жылдамдық өлшеуіш құрал) нөміріңіздің саны түспейді, бірақ аббревиатура түседі. Аббревиатурамен табу мүмкін емес. Сол себепті, саспаңыз.

- Бағасы тым қымбат емес пе?

- 30-40 мың айыппұл төлеп, жүргізуші куәлігіңнен айырылғанша 8 мыңға сатып алғаның тиімді емес пе? Күніне 40-50 тапсырыс қабылдаймын, - деп мақтанған сатушы «Бұл жапсырманы орнату заңды ма?» деген сұрақты ести сала, тұтқаны қоя салды.

Нано-жапсырмаларды әр нөмірдің үстіне бастыра салғанда, кез келген кісі байқай алмайды. Нано-жапсырма жапсырып алған көлік жүргізушісінің айтуынша, жапсырманың пайдасын әлі көрмепті:

- Жапсырып қойғаныма екі айдай болды. Инстаграмнан сатып алдым. Жылдамдықты асырмағасын ба, әлі «Спанч-Бобқа» түсіп көрмедім. Түссем, нөмірім көрінбейді деп ойлаймын.

Төңкерілетін нөмірлердің бағалары аспандап тұр. Сатушылар бұл құрылғылардың заңдылығына жауап бере алмайды.

Әр көліктен кездестіре алатын антирадар құрылғысын іздеп қаламыздағы, сауда орындарын араладық. Сатушылар «заңды» дегенімен арнайы рұқсат құжаттарын көрсете алмады.

Осы құрылғылар туралы Атырау облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығының орынбасары Мырзалы УТЕГАЛИЕВТЕН сұраған едік:

- Мемлекеттік тіркеу нөміріне жапсырмалар мен өзге де нәрселер жапсырылса, ҚР ӘҚБтК-ның 590-бабының 1-тармағына сәйкес 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бір жылда осындай әкімшілік құқықбұзушылықпен ұсталса, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынып, жүргізуші қайта емтихан тапсыруға жіберіледі.

- Ал нөмірлерді төңкергіш құрылғыларын пайдалану заңды ма?

- Мұндай құрылғыларды қолдану - заңсыз. Аталған іс-әрекет үшін әкімшілік кодекстің 590-бабының 4-тармағына сәйкес, яғни, көзге жалған болып көрінетін мемлекеттік тіркеу белгісі бар көлікті басқарғаны үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Немесе жүргізуші куәлігінен 1 жылға айырылады. Бірақ, Атырау облысында аталмыш құрылғыны қолдану фактісі тіркелген жоқ.

- Барлық жүргізушілердің «сенімді» серігіне арналған анти- радар құрылғысы туралы не айтасыз?

- Антирадар құрылғысын қолдануға заң тыйым салмайды. Бірақ осы құрылғыны орнату кезінде ҚР Жол қозғалысы ережесінің техникалық регламентінің талаптары сақталуы тиіс. Яғни, жол  қозғалысына қауіп төндіретіндей құрылғылар орнатылған көлік құралдарын пайдаланбау, орнатылған құрылғы көліктің алдыңғы әйнегінің жоғары бөлігінен 140 мм-ден аспау керек.

Атырау облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері мемлекеттік нөмірі оқылмайтын көлік құралдарын басқарған 197 көлік жүргізушісіне және көрнеу жалған, мемлекеттік тіркеу белгілерін орнатқаны үшін 36 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, істері сотқа жолданған.

Фархат ӘБІЛОВ

30 қазан 2017, 10:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.