Атырау, 28 қараша 23:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Мадрид Каталония аймағының билік органдарын таратты

2 539 просмотра


Испания премьер-министрі Мариано Рахой Каталония автономиялық аймағының үкіметі мен парламентін таратып, 21 желтоқсанда Каталонияда кезектен тыс сайлау өткізілетіні туралы мәлімдеді. Бұған дейін Испания парламенті сенаты Каталонияда Мадридтің тікелей басқаруын енгізуді қолдап дауыс берген болатын.

27 қазанда сөйлеген сөзінде Мариано Рахой Каталония үкіметінің жетекшісі Карлес Пучдемонды қызметінен алатыны және Каталония парламенті қабылдаған тәуелсіздік туралы декларацияны заңсыз деп тануға күш салатыны туралы мәлімдеген.

Испания үкіметінің жетекшісі мен парламенті сенаты бұл шешімдерін жұма күні Каталония парламенті Испания құрамынан шығып, тәуелсіздік жариялауды басым көпшілік дауыспен қолдағаннан кейін жариялады. Каталонияның Испаниядан тәуелсіздік алуын аймақ парламентінің 70 депутаты қолдап, оны қарсы дауыс берген, екі депутат қалыс қалған.

Мадрид Испания конституциясының 155-бабына жүгініп, Каталонияда алдағы жарты жылда кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынған. Премьер Рахой Каталонияда кезектен тыс сайлау өткен жағдайда Мадрид тікелей басқару жүйесін енгізбейтінін айтқан. Алайда Каталония үкіметінің жетекшісі Карлес Пучдемон кезектен тыс сайлау өткізуден бас тартқан болатын.

Еуропа елдері мен АҚШ Мадридке қолдау білдірген.

Франция, Германия, Ұлыбритания мен Италияның әрбірі Каталония тәуелсіздігі туралы декларацияны мойындамайтыны туралы мәлімдеген.

Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Каталония парламентінің шешімі "Еуропа Одағы үшін еш өзгеріс әкелмейтіні" туралы мәлімдеген. Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Испания біздің бірегей сұхбаттасымыз болып қалады. Испан үкіметі күшке емес, дәлелдерінің мықтылығына сүйенеді деп үміттенем" деп жазған.

АҚШ мемлекеттік департаменті Каталония – Испанияның ажырамас бөлігі деп білетіні туралы мәлімдеген. Вашингтон Испания үкіметінің мемлекет тұтастығын сақтауға бағытталған шараларын қолдайтынын білдірген.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг осы ұйымдағы Испанияның ролін атай келе, Каталония аймағына қатысты дағдарысты конституциялық жолмен шешуге шақырған.

Испания бас прокуратурасының ресми өкілі Каталонияның Испаниядан тәуелсіздігін жариялауға байланысты аймақ билігінің лауазым иелеріне айып тағылуы мүмкін екені туралы мәлімдеген.

15-ғасырдан бері Испания құрамындағы аймаққа жататын Каталонияда 7,5 миллион адам тұрады. Испания экономикасы өнімдерінің 20 пайызы Каталонияда өндіріледі.

Дереккөз: Азаттық

28 қазан 2017, 11:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.