Атырау, 26 қараша 21:16
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жолдар, жолақтар, қиылыстар туралы

Сурет
6 333 просмотра


Атырау жолдарындағы сызықтар неге тез кетіп қалады, ал кей көшелерде тіпті ұзын жолақтар да сызылмаған? Көше жолақтарына жауапты үш мекемеге қала тұрғындарының сұрақтары көп – «АтырауДорЗнак» ЖШС, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі, Атырау облыстық ІІБ. Оқырмандардың сұрағын осы мекемелерге жолдап, жауап алдық.

АСФАЛЬТҚА ЖОЛАҚ САЛУ

- Биыл жолақтарды көктемде емес, жазда сала бастады. Салуын салды-ау, бірақ бірнеше күннен кейін бәрі кетіп қалды. Жай ғана әк шығар деген күдігім бар...

«АтырауДорЗнак» ЖШС мамандары жауап береді:

- Біздің жұмысшылар 26 сәуірден бастап жұмысқа кірісті. Бірінші орталық көшелер – Азаттық, Сәтпаев, Әбілхайыр хан (әуежайға апаратын трасса) даңғылдарына, кейін басқа көшелерге жолақтар сызылды. Жолақтар сызу үшін Ресейден өндірілетін жолға арналған «Магистраль» сыры (эмаль) пайдаланылады, ол мемлекетаралық стандарттан өткен. Салынған жол сырының сақталуының кепілді мерзімі жол жабындысының сапасына байланысты 3 айға дейін жарамды. Алайда біздің қаламыздағы жағдайларға байланысты жолақтар тез кетіп қалады, себебі, көшелер жуылмайды, ал, шаң, топырақ, тұз түйіршікті орта қалыптастырады. Осы факторлар жолақтардың қолданылу мерзімін қысқартады.

БАС АУЫРТҚАН ҚИЫЛЫСТАР


- Балықшыдағы Құнанбаев-Қожақаев көшелерінің қиылысы таңертең, түсте және кеште адам шошытарлық күйге енеді. Бұл жерде үш жаяу жүргіншілер жолы, екі жанармай құю бекеті, аялдамалар, базарлар, техникалық тексеру станциясы (СТО), таксистер бар, оған қоса қиылыстың өзі тар әрі ой-шұңқырлы. Бірнеше жылдан бері бұл арада жүргіншілерге арналған жолақтар, жол бойындағы ұзын жолақтар, стоп-жолақтар жоқ...

-  Әуезов көшесіндегі Жилгородок ықшамауданының соңғы аялдамасында жаяуларға да, көліктегі адамдарға да қиын. Автобустар аялдамада ұзақ тұрып алады, жан-жақтағы аумақтардан шығатын көліктер де көп. Осы жерде орналасқан 4 оқу орнында оқиытан балалар да бар. Алайда жолақтар болмағандықтан жүргізушілер кез келген жерден бұрылып жүре береді. Дәл осындай қиындықтар Махамбет-Датов, «Дина» базарынан шығар жол мен Бейбарыс даңғылы, «Насиха» СҮ-Махамбет көшелерінің қиылыстарында да орын алады.

Атырау облысының ішкі істер департаменті:

- Құнанбаев-Қожақаев көшелері қиылысына жолақ қазан айында салынады. Қалған көшелердегі жол сызықтары биылғы жұмыс жоспарына сай сызылатын болады.

Жыл басынан бері Атырау облысында 81 637 жол ережесін бұзу жағдайлары тіркелген (облыс орталығында – 50 912). Олардың 10 мыңдайы ҚР ӘҚБтК 601-бабы бойынша («Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау»).

ҰНТАҚ ШАҒЫЛЫСПАЙ МА?

- Жол бойындағы жолақтардың шағылысуы – дамыған елдер үшін қалыпты жағдай, бұл тек әдемілік беріп қоймай, қауіпсіздік үшін де тиімді. Біздің қаламыздағы жолақтар неге жарыққа шағылыспайды?

«Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» ММ:

- Атырау қаласындағы жолақтар арнайы жарыққа шағылысатын ұнтақпен сызылады.

ЕШ ҚАТЕСІЗ

- Абай көшесіндегі «Ақ Жайық» қонақ үйінің алдындағы жаңа сызықтар қолайсыз: бұрын көпірден түскен бойда сол жақтағы шеткі жолақтың көрсеткіші жүргізушіні тіке және солға қарай бағыттайтын, ал қазір тек солға қарай бұрылуға болады, бұл жағдайды қиындатып жіберді. Бұрынғы қалпын қайтаруға болмай ма?

- Бейбарыс даңғылы бойымен көпірден түсер кезде (Махамбет көшесіндегі бағдаршамға қарай) жолдың ені бойымен үш көлік, тіпті жүк көлігі мен автобустар еркін сыйып кете алады. Алайда ол жерге үнемі екі жолақ сызылады. Жолды үш бөлікке бөлсе, бұл қиылыстың жүктемесін едәуір азайтуға болар еді әрі бұл арадан әрі ол үшке бөлініп тұр. Қазір жүргізушілердің өздері үш қатарға бөлініп жүр, алайда ортаңғы қатар заңсыз болғаны ғой.

Атырау облыстық ІІБ:

- Ол жердегі жолақ Қазақстан Республикасының 1412-210 «Жол белгілерін, жолақтарды, бағдаршамдарды, жол қоршаулары мен бағыттама қондырғыларды ұйымдастырудың техникалық құралдары» стандартына сәйкес салынған, яғни бұл жерде ешқандай қателік жоқ. Дегенмен 1 қыркүйек пен 1 қараша арасында ІІД әкімшілік полициясы басқармасы қаланың көше-жол желісін күзгі кешенді тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша Бейбарыс-Махамбет қиылысындағы жол сызықтарының сызбасы өзгере ме, жоқ па, шешілетін болады.

СТОП. ЖҮРГІНШІ


- Дина Нұрпейісова атындағы Академия аялдамасы – ХҚКО маңында бағдаршамы жоқ жүргіншілер жолы – сол жүргіншілерге қауіп төндіреді. Ол жерге автобустар тоқтайды, автокөліктер жүреді, бұрылады. Жүргіншілер үшін де қолайсыз. Осы жерге жүргіншілер арналған жолүсті көпірін неге ұйымдастырмасқа?

- «Көктем» базарының тұрағынан шығар жерге бағдаршам орнатуға бола ма?

Атырау облыстық ІІД:

- Бұл ұсыныстар қала әкімдігінің қарауында.

«АтырауДорЗнак» ЖШС мамандарының ақпараты бойынша, жол сызықтары күн құрғақта шаңнан, ластан, майдан тазартылған жол жабындысының бетіне ауа температурасы +5 градустан жоғары және ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 85% кезде салынады.

АЯЛДАМАЛАР ТАЛАП БОЙЫНША

- Драма театр маңындағы ұзын аялдама жолағының кесірінен қоғамдық көліктер 100 метр қашықтықтың кез келген жеріне тоқтай салады. Бұл жүргізушілерге ыңғайлы болғанмен, автобустың артынан әрі-бері жүгірген жолаушылар үшін қолайсыз.

- Бұрын үзік-үзік сызық болған жерлерге неге тұтас жолақтар салынған? Мен Абай және Канцев көшелерін айтып отырмын.

Атырау қаласы ТКШ:

- Аялдама алаңдарына 1.17 «Автобустар аялдамасы мен такси тұрағы орындары» жол сызықтары ҚР 1412-2110 стандартына сәйкес салынады. Ал, аталған көшелердегі екі қатарлы тұтас жолақтар да ҚР стандартына сәйкес.

ҚҰЖАТСЫЗ ЖАҢАРТЫЛМАЙДЫ

Махамбет-С.Датов («Арын»), «Дина» базарының маңындағы жолдар (Бейбарыс даңғылы), «Насиха» СҮ (Махамбет көшесі), Жилгородоктың соңғы аялдамасы (Әуезов көшесі), Амандосов, Баймұханов көшелерінің қиылыстарына неліктен жол сызықтары салынбайды? Алмагүл ықшамауданынан Махамбет көшесіне дейінгі алты жаяу жүргіншілер жолының, Геолог поселкесінің айналма жолындағы жол сызықтары неге жаңартылмайды?

Атырау облысы ІІД ӘПБ:

- Аталған көшелердегі сызықтар олардың төлқұжаттарының ІІД әкімшілік полиция басқармасында дайындалып, келісілуіне байланысты жаңартылмады.

Дайындаған Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суреттерді түсірген автор

28 қазан 2017, 11:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.