Ғ. Сланов атындағы облыстық кітапханада белгілі ақын, жерлесіміз Маржан ЕРШУДЫҢ (бүркеншік аты – Айек) «Дина-Dina» атты кітап-альбомының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітап-альбом қазақ және түрік тілінде басылып шыққан.
Шараға Астанадан арнайы келген автор да қатысты. Ол «Дина» поэмасының дүниеге қалай келгеніне тоқталды:
- 25 жасымда өз қаламызда жұмыс істеп жүргенде түс көрдім. Түсімде телефон шырылдайды, тұтқаны көтерсем, «Мен - Дина Нұрпейісовамын. Маған Маржан Ершуова керек. Менің үйім 8 март көшесінде. Неге мені іздемейсің?» дегенде оянып кеттім. Кейін көп уақыт ойымнан кетпей шошып жүретін болдым. 8 наурыз келгенде қыздар гүл алып қуанып жүрсе, ал мен болсам қорқатынмын. Бұл кісі неге менің түсіме кіреді? - деп өзі-өзіме сұрақ қойдым. Кейін Дина әжеміздің күйлеріне деген қызығушылық пайда болып, арты Дина күйлеріне деген махаббатпен ұласты. Іздеп жүргенде Құрманғазыға арналған поэманы тапқаныммен, Динаға арналған поэма таба алмадым, жазылмаған екен. Сөйтіп Дина туралы көптеген деректермен таныстым, кітаптарын алдым. Міне, осылайша, 2007 жылы осы поэма жазылып шықты.
«Дина-Dina» кітабына СD форматтағы диск жалғанған. Поэманың аудио нұсқасы күйші Динаның «Науысқы» күйімен әрленген. Автор өзінің туған жеріне кітаптың 40 данасын сыйға тартты.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор