Редакцияға Қайырғали Смағұлов алаңындағы тоғыз қабатты үйдің (Молдағалиев көшесі, 7) тұрғындары хабарласты – бірнеше күн бұрын олардың терезелерінің түбінен арнайы киім киген жұмысшылар асфальтты тесе бастапты. Олар бұл жерде түрлі жаттығу құрылғылары орнатылған спорт алаңы болатынын хабарлады.
- Үйіміздің дәл түбінен, оншақты метр жерде спорттық құрылғыларды орнатайын деп жатыр. Енді қалай болады? Бұл жерге жастар жиналып, спортпен айналысады, олар қарап отырмай, шулайды, қатты әңгімелеседі, темірлерді тарсылдатып, арттарынан қалдық тастап кетеді. Ал біз сияқты жасы келген адамдарға ол қолайсыздық тудырады, - дейді бірінші қатарда тұратын 86 жастағы Василий Михайлович.
№7 үй тұрғындарының айтуынша, үш жыл бұрын қала билігі дәл осы жерде, үйдің түбінен көше жаттығу құрылғыларын орнатқылары келген, алайда сол кезде тұрғындар олардың үйден алысырақ, аллеяның қарсы бетіне орнатылуына қол жеткізген еді.
Біз Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВПЕН хабарластық, ол былай деді:
- Street workout федерациясы (көше спорты) турниктер мен қоссырықтар орнату үшін жер телімдерін бөлуді сұраған болатын. Біз 4 жер бөлдік, оның біреуі Смағұлов аллеясында. Тұрғындардың шағымына келсек, жаңадан орнатылатын құрылғылар қаланың көп жеріндегі темір тренажерлар емес. Бұл турник пен қоссырықтар, олардан ешқандай дыбыс шықпайды. Тұрғындар менің қабылдауыма келді, содан кейін алаңға барып, бұл жұмыстар салауатты өмір салты үшін, спортпен айналысқысы келетін балалар мен жасөспірімдер үшін жасалып жатқанын түсіндірдім.
- Салауатты өмір салтын қалыптастыру жақсы ғой, алайда бұл жерде біреу үшін салауатты болса, өзгелер үшін қиындық болғалы тұр, - дейді тұрғындар. – Қала әкімінің орынбасары қондырғыларды тереземіз бен балкондарымыздан бірнеше метрге ығыстыруға уәде берді. Көреміз...
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ