Тасымалдаушылардың жыл сайынғы табысы олардың өздерінің айтқан сомасынан 3 млрд теңгеге артық – бұл туралы «2017-2022 жылдарға арналған Атырау қаласының қоғамдық көлігін дамыту тұжырымдамасының» авторы, техника ғылымдарының докторы, Қазақ автокөлік-жол академиясының профессоры Жұмажан ЖАҢБЫРОВ мәлімдеді.
Тұжырымдаманың таныстырылымы қазан айының басында болды, ал жақын күндері оған қол қойылу керек – профессордың журналистер үшін өткізген брифингі осыған арналды. Электронды билет туралы сұраққа жауап бере отырып ол былай деді:
- Жылына 3 млрд ақша қалтаға кетіп жатыр. Мен өзім көлік бизнесімен айналыстым, жол ақысы үшін 80 теңге жеткілікті екенін білемін. Электронды билетке келсек – қазір қалалық әкімдік чехиялық компаниямен келіссөздер жүргізуде. Билет құнына қатысты көптеген тұстар бар, жолаушылардың жүру қашықтығы әртүрлі ғой. Егер келіссе, жаңа жылдан бастап чехтар Атырауға келіп, жұмысқа кіріседі.
Жаңбыров осыған дейін айтылған тұжырымдаманы жүзеге асыруға қажет 12 млрд теңгенің қайда жұмсалатынын айтты. Оның 7,5 млрд теңгесі мүмкіндігі шектеулі жандарға мінуге ыңғайлы 150 төмен еденді заманауи автобус сатып алу үшін қажет. Сыйымдылығы 98-100 адамдық, бірнеше салқындатқышпен жабдықталған осындай қытайлық бір автобустың құны – 50 млн теңге. Тағы жарты миллиард ақша материалдық-техникалық және жөндеу базасын салуға кетеді. Және бір миллиардтан қала сыртына салынатын 4 ауысып-мінетін пункттерге беріледі. Тұжырымдама авторы бізге 125 үлкен автобус қажет екенін есептеп шығарды, алайда сенімділік коэффициентін ескеріп, 150 автобусқа көбейтті. Олар облыс орталығында жүретін болады. Сонымен қатар, Атырауға сыйымдылығы 40 адамдық заманауи 165 «Пазик» пен «Никс» класты 55 Газель керек.
Инвесторларды тарту арқылы қаржыландыру уақытты талап етеді. Сондықтан тұжырымдаманы енгізу әзірге қолданыстағы маршруттар сызбасын өзгертуден басталады. Қазір Атырауда 24 маршрут жұмыс жасап тұр – оның 15-і қалалық, 9-ы қала сыртында. Маршруттың орташа ұзындығы – 15,3 шақырым. Тұжырымдама аясында маршруттардың әрқайсысының ұзақтығын 10 шақырымға дейін қысқарта отырып, олардың санын 36-ға дейін көбейту ұсынылды.
- Біз ең өзекті мәселелерді тезірек шешуге тырыстық. Нұрсаяға бұрын тек 2 машрут жүретін. Енді тағы 4 маршрут қосылады, оның екеуі – экспресс. Сіздердің құрылыс жоспарларыңыз көңілімнен шықпады, ықшамаудандарды осылай сала ма екен? Жолға екі көлік әзер сыяды, ал ол жерге апарып мектеп, халықаралық колледж, Назарбаев мектебін салып қойған! Арасында ойлау керек қой! Стандарттар, құрылыс нормалары бар емес пе. Кеше ғана ұшып келдім, әуежайдан қалаға қарай жүрейік десек, тұрдық та қалдық жол бойында. Не болғанын сұрасам, мектепке балаларды әкеліп жатыр екен. Немесе Балықшыдағы қиылысқа «Гелиос» жанармай құю бекетін салып қойған. Құдай сақтасын, әрине, жарылыс болса, дым қалмайды, - деп кейіді профессор.
Оның пікірінше, көшелердің өткізу мүмкіншілігін арттыру үшін айналма қиылыс жасау қажет. Ал, Берғалиев-Амандосов көшелерінің қиылысында (әскери бөлім маңында) қосымша автокөлік көпірін тұрғызу керек – ол бағытта Жұлдыз ықшамауданы үлкейіп, Береке ауданы салынып жатыр. Ал, тасымалдаушылардың шығынын азайту үшін Жаңбыров жергілікті АМӨЗ-ге жанармай мен дизельдік отынды босату бағасымен сатуды ұсынды.
- Бұлардың бәрі болашақтың жоспары, ал осыған дейін қаржыландырылған, қолданысқа енгізілген жобаларға не болды: диспетчерлік қызмет, аялдамалардағы электронды таблолар, GPS-трекерлер? Жүйе жұмыс жасап тұр, диспетчерлік қызметтің тасымалдаушылардың жұмысын бақылауға мүмкіндігі бар деп айтуға бола ма?
- Жоқ, жұмыс жасап тұрған жоқ, - деді бірден профессор.
Бұл сұраққа әрі қарай «Смарт Атырау» КММ орталық диспетчерлік қызметінің басшысы Нұрлан ТҰРЛАНОВ комментарий берді:
- Қазіргі кезде 250 GPS-трекердің 35-і істен шыққан. 20 таблоның 12-сін біртіндеп қостық, қазір басқа оператор жұмыс жасауда. Сағат 19.00-ден кейін көптеген жүргізушілер маршруттан кетеді. Бұл туралы тасымалдаушыларға бірнеше рет айтылды, ескертілді. Бірақ олар жеке тасымалдаушылар. Егер заң бұғандардың бәрін алып тастай берсек, жолаушыларды кім тасиды? Инвесторларды тарту және жаңа тасымалдаушылар мәселесі облыс деңгейінде қаралуда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА