Қазақстан-Қырғызстан шекарасында тексеру және өткізу бекетінен азаматтар мен көліктердің өтуі әлі қиын. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің Азаттықтың Қырғыз редакциясына хабарлауынша, "Ақ-Жол" және "Ақ-Тілек" бекеттерінде кезек бар, "Чалдовар" және "Чоң-Капка" бекеттерінде кезек байқалмайды.
Шекара қызметінің өкілі Салқын Абдыкариеваның сөзінше, "Ақ-Жол" бекетінде бүгін сағат 10-нан бері 300-дей адам жиналып қалған. 15-20 минутта шекарадан 30 шақты адамнан өткізіліп жатыр. Ал жарты сағатта 7-8 көлік қана өткізіледі. Мұнда 40 шақты жеңіл көлік пен автобус тұр. "Ақ-Тілек" бекетінде кезекте 400-ден астам жүк көліктері тұр. Қазақстан шекарашылары сағатына 8 жүк көлігінен ғана өткізіп жатыр. Ал "Чалдовар" және "Чоң-Капка" бекеттерінде кезек жоқ.
10 қазаннан бастап Қазақстан тарабы қырғыз шекарасынан азаматтар мен көліктерді өткізу тәртібін күшейткен. Соның салдарынан Қырғызстанның Чу және Талас облыстарындағы бақылау-өткізу бекеттерінде адамдар мен автокөліктер жиналып, ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр болған. Әсіресе тез бұзылатын тағам өнімдерін таситын үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері қатты зиян шеккен.
18 қазанда Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің үкімет жетекшілері келесі күннен бастап жолаушы көліктері мен жүгі бар адамдарды шекарадан өткізуді жеңілдету туралы уағдаласқан. Кейінірек Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Толкунбек Абдыгулов делегацияның бір бөлігі келіссөздерді жалғастыру үшін Астанада қалғаны туралы хабарлаған.
Дереккөз: Азаттық