Екі референдум да консультативті саналады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Ломбардия мен Венето облыстарының тұрғындары консультативті референдум барысында автономияны кеңейтуді қолдап дауыс берді.
Венето сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыс бергендердің 98%-дан астамы автономия қажет деген. Жергілікті билік дауыс беруге сайлаушылардың 57%-дан астамы қатысқанын мәлімдеді.
«Бұл Венето тұрғындарының жеңісі, азаматтық сананың жеңісі, өз жерлерінің қожайыны болғысы келетін адамдардың жеңісі», - деді Венето президенті Лука Дзайа.
Сондай-ақ, ол өңірлік референдум нәтижелерін тарихи оқиға деп атап, дүйсенбі күні орталық билікке ұсынатын келісімшартты әзірлеуге уәде етті.
Сонымен қатар, облыс басшысы жексенбі күні референдум өткізу жөніндегі өңірлік электронды жүйеге хакерлік шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Ал Ломбардияда тұрғындардың 95%-ы автономияны кеңейтуге дауыс берген. Бұл туралы облыс губернаторы Роберто Марони айтты.
«Дауыс беруге келген үш миллион ломбардиялыққа және автономияны кеңейтуді құптаған 95%-ға алғыс айтамын», - деді ол.
Марони, сондай-ақ, Ломбардия алғаш рет электронды дауыс беру жүйесін қолданып, тарихи нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті.
«Референдум өткізу жұмысына көңілім толды», - деген Марони дауыс бергендердің 3%-дан астамы өңір өкілеттігін кеңейтуге қарсы екенін, ал бюллетендердің 0,9%-ы бос болғанын айтты.
Марони референдум алдында «дауыс беруге сайлаушылардың 34 пайызы келуі керек» деген мақсат қойғанын еске салды.
«Қазіргі таңда мәліметтердің үштен бірі қаралды, сайлаушылардың 40%-дан астамы келген. Мен Дзаймен (Венето губернаторы) жарысып жатқаным жоқ, бірақ күшімізді біріктіріп, ғасыр шайқасын бірге бастай алатынымыз үшін бақыттымын», - деді ол.
Италияның солтүстігіндегі екі облыста референдум 22 қазанда өтті. Италия Республикасы тарихында өңір халқымен мұндай консультациялар алғаш рет өткізіліп отыр. Екі референдум да консультативті саналады және ресми міндетті құқықтық салдары жоқ.
Дереккөз: Baq.kz