Қызылқоға , Индер және Құрманғазы аудандары тұрғындары банкоматтың жетіспейтіндігі және ақшаның болмай қалуы жөнінде "АЖ" поштасына шағымданған болатын. Бұл әсіресе, еңбекақы, зейнетақыны дер кезінде алуда қиындық туғызып жүрген көрінеді.
Осыған орай "Қазақстан Халық Банкі" АҚ Атырау аймақтық филиалы (зейнетақы қоры және басқа да мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетеді –Л.Қ) директорының орынбасары М. КАЛИЕВА өз уәждерін алға тартқан еді.
-Банк қызметкерлерімен әр банкоматта ақшаның бар болуына тұрақты бақылау онлайын тәртібінде жүргізіліп тұрады. Ақша азайған кезде банкомат көп ұзамай қолма-қол ақшамен толықтырылады. Жақында Құрманғазы ауданы Ганюшкино ауылына дер кезінде жетуге жолдың нашарлығына байланысты ақшамен қамтамасыз ету жұмысы тежелді. Бірақ мұндай тежеулер сирек болатынын айтқан жөн. Ал Инбербор кенті бойынша кідіріс болған емес.
-Банкоматтар тек аудан орталықтарында орналасқан. Шалғай ауылдарға банкоматтар орнатуға болмай ма?
-Бүгінгі таңда жеті аудан орталығының алтауында біздің отыз банкомат қызмет көрсетеді. Құлсарыда-13, Ганюшкинода -3, 1-уі Қиғаш ауылында, Аққыстау, Индер, Доссорда 3-тен, ал Мақат пен Махамбетте 2-уден банкомат бар. Облыстан ең шалғай жатқан Қызылқоға ауданындағы кейбір ауылдарға банкомат орнату үшін банктің ішкі нұсқамасының талабы мен шарттары орындалуы керек. Атап айтқанда ғимаратта дабылқаққыш, бейнебақылау, күзет, жарықтандыру, инкассация машинасы үшін жолдар, сапалы байланыс желісі қажет. Мұндай талаптардың болмауына байланысты банкоматтарды кез-келген жерге орнату мүмкін емес. "Атырау-Ақтөбе" жолы күрделі жөндеуден өткесін Миялы ауылына тәулік бойы жұмыс жасайтын банкоматтар мен Банк бөлімшесін ашу жоспарланып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА