Кеше, 17 қазанда Исатай ауданында күшті жел теңіз жағасын жалаңаштап тастады. Жанбай мен Забурын ауылдарында су әдеттегі жағалаудан 3 шақырымдай жерге тартылып кеткен.
Балық аулау кооперативтері тоқтап қалды, браконьерлер де жабырқаңқы көңіл күйде. Онсыз да қысқа күзгі маусым табиғат құбылысымен одан сайын қысқарып кетті.
Физика заңы бойынша басқа жерден су келіп жатыр – Жылыой ауданындағы Прорваны су басқан. Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының теңіз инспекциясы бөлімінің басшысы Есенжан СӘРСЕМБАЕВТЫҢ айтуынша, ол жақта су қорғаныс бөгетіне дейін жеткен, сондықтан Теңізшевройлдың нысандарының бірін салып жатқан мердігер компаниялардың қызметкерлерін қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары басталған.
- Теңіздің қашан өзінің үйреншікті жағалауына оралатынын ешкім де болжап айта алмайды, - дейді Сәрсембаев. – Мұндай құбылыс әлсін әлі болып тұрады, жел бағытын өзгерткен кезде ахуал түзеледі.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА