Атырау, 26 қараша 22:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

СЫРТЫ СҰЛУ «РЕТРО-САЯБАҚ» немесе мендегі бір ойлар...

8 532 просмотра


Жақында Атырауда ретро-саябақ ашылды. Бұл саябақтың сұлулығына көз тоймас. «Дос-мұқасан» тобының мүсіндері қойылған. Айнала жасыл желек, мөлдірей аққан су. Шіркін-ай, бәрі де сұлу. Бірақ маған бұл саябақтың сыртқы сұлулығы көз тартқанмен, ішкі мазмұны қабыспай тұрғандай көрінеді.

Дәл осы саябақтың бір бұрышында гитарасын құшақтаған Табылды Досым отырса еді! Табылдың әндері естіліп тұрса ше? Ол елге басқаша әсер берер еді. Өйткені, Табылдының әндерінде ерекшелік бар, терең лиризм бар, туған жерге тамыр жайған тәтті сезім бар, мұң-наласын қалқып тастағанда. Табылдының  есімі  бүгінде жас-кәрінің аузында жүр, оның әні әнсүйер қауымның құлағында. Елдің сүйіспеншілігіне бөленген қазақтың тұңғыш бард ақыны Атыраудан шыққанына қуану аз, құрмет көрсету керек. Табылды Досым өз өлеңінде «Басыма қос ғашық кеп, гүлдер қоятын болады» деп жырлап кетті ғой... Саябаққа көп келетін де жастар емес пе?!

                                                        ***

Кең Жылыойда  дүниеге келіп, ғажайып сирек даусымен төрткүл дүниеге танылған, әлемдік музыка тарихында  аты қалған Ерік Құрманғалиевті кім білмейді. 2014 жылы «Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбом шығардым. Азаттық даңғылындағы бұрынғы «Наука» кітап дүкені болған үйдің 3-қабатында Ерік Құрманғалиевтың балалық шағы өткен. Бір кезде Ерік тұрған үйге ескерткіш тақта қою жөнінде, сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға өтініш айттым. Шыңғыс Шымкенттің жігіті ғой, Ерікті көтерсек, ертең Жоригы да шығар, одан да пайдалы іспен айналысайын деді ме, үнсіз қалды. Әлем таныған жерлесімізді аяқ астында қалдырып жүрміз. Жаңадан ашылған саябақта Ерік Құрманғалиевке де орын тиер ме екен?! Маған Еріктің  әкесінің апасы Раиса Құрманғалиева Ерік туралы естелік айтып берген еді. Мен бұл әңгімені «Ерік Құрманғалиев» кітабыма кіргіздім: «80-жылдары Ерік Алматыда, Қазақконцерт залында жеке концертін өткізді. Концерттен соң, сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы, жоғары лауазым иесі Закаш Камаладинов: «Ерік маған келсін!» деді. Костюмдерін ауыстырып жатқан Ерікке «Ағаң шақырып жатыр. Барсаңшы» дедік. Сонда Ерік зәремізді ұшырып: «Менің ол кісіде шаруам жоқ. Мені іздесе өзі келсін» дегені. Содан Зақаңа барып, «Ана жақта ығы-жығы адамдар көп. Ерік шыға алатын емес. Өзіңіз барасыз ба?» деп едік, қарапайым кісі емес пе, ілесіп келді. Еріктің қолын алып, «Не тілейсің? Бар тілегіңді қабыл етем!»-деді. Сонда біздің Еріктің: «Маған еш нәрсе керек емес. Құлсарыға су апар. Халық шөлден қырылайын деп отыр. Өзіңіздің де туған еліңіз емес пе?!» дегені. «Су жіберем! Айтқаныңды орындаймын», - деді Камаладинов, - деп еске алады бүгінде Раиса апай.

Раиса апайдың әңгімесін тыңдап отырып, менің есіме балалық шағым түсті. Иә, сол 80-жылдары біздің ауылға су келген.  Тартылып қалған Жем өзенінен басқа толқып аққан су көрмеген ауыл балалары құм астынан қазына шыққандай мәз болған. Сол қуанышты күні мен ең алғашқы өлеңімді шығарып, балалар арасында «ақын» атанғаным бар. Ол өлеңім мынау еді:

                                    «Ура! Ауылға су келді!

                                    Балалар түгел қуанды.

                                    Көйлектерін жуды енді

                                    Түйелерін суарды.»

    Не десеңіз де, су келген күн біздің ауыл тұрғындары үшін ерекше ұмытылмас күн болса, мен үшін «ақын болған» күн еді. Енді ойлаймын, бұл су елге Ерік Құрманғалиевтың аппақ сәлемі боп жеткен су ма екен деп...»

       Ерік Құрманғалиевке ештеңе де керек емес, бірақ болашақ ұрпақ, оның барша жерлестері тарапынан  Еріктей  сирек туатын талантқа құрмет керек. 

                                                            ***

«Қазағым, әлі туарсың біздей!

Қаһармандарды қайталап.

Қан құсып өткен күндердің құны

Қап, бәлем! Сонда қайтар-ақ!

Қараңғы түнде еміс те еміс от көрсең-

Қаһарман ұрпақ! Сен оны

Қалтыратпай қайта жақ!»

Бұл өмірден ерте кеткен қазіргі қазақ поэзиясына алпысыншы жылдардың бел ортасында келіп, «құйрықты жұлдыздай» ағып өткен танымал тұлғалардың бірі Меңдекеш Сатыбалдиевтың «Махамбеттің монологы» өлеңінен үзінді. Бар-жоғы отыз алты жыл ғұмыр кешкен ақын соңына мол әдеби мұрасын  қалдырды. Биыл Ақкиізтоғайда дүниеге келген ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың туғанына 80 жыл толып отыр. Меңдекеш – отыз алты жыл ғұмыр кешсе де,  қамшының сабындай қысқа өмірін өлеңге, сөз өнеріне арнаған, көп ізденіп еңбектенген бейнетқор адам. Әдебиеттің қай жанрында  қалам тербесе де, өзіндік үні, тілі  мен стилі, суреткерлік мәнер-машығы, өзіндік ерекше қолтаңбасы бар қаламгер екенін танытты.

      Артында қалған қабырғалы елі – қазағы Меңдекешті, оның өрелі жырын ұмытқан жоқ. Бұл – бір. Құлсарыдағы 2000 мың орындық мектеп Меңдекеш ақын атында. Бүгінде Атыраудағы үлкен көше Меңдекеш Сатыбалдиев есімімен аталады. Бұл – екі. Меңдекеш Сатыбалдиев көшесіндегі бір бұрышқа әкесінің кішкентай бюстін қойсам деп, Меңдекештің сәулетші ұлы Расул Сатыбалдиев талайдан армандап жүр. Сатыбалдиев көшесінде жүргендердің көбі ақынның кім екенін де білмейді... Меңдекешке де құрмет керек, Ақын атындағы көшеде мүсіні тұрса жарасар еді?!

Маржан ЕРШУ, ақын

Астана-Атырау

18 қазан 2017, 16:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.