Атырауда екі күн қатарынан жауған жаңбыр коммуналдық қызметтерді ғана емес, әсіресе, Нұрсая мен Көкарна тұрғындарын да едәуір әуреге салды.
СӨМКЕМЕН СЕКІРУ
Біз «Сарайшық» коммуналдық базарының бұрылысына дейін зымырап жеттік. Осы базардан шығып келе жатқан бірнеше әйелді байқадым. Қолдарындағы ауыр сөмкелерімен жол жиегін бойлай, тепе-теңдік ұстап жүріп келеді.
Жол бөлігіне қарай сәл бұрылғаны сол еді, қарсы кездескен көліктер сигнал бере бастады. Мен жүргізушіге жол жиегіне тоқтап, оларды апарып тастайық деп өтіндім. Әйелдердің бірі сыпайы жымиып: «Ой, балам, рахмет, мен аялдамаға дейін баратын едім, алыс емес, барам ғой» деді. Аялдамаға дейін жетудің өзі оңай шаруа болмай шықты – айналасына балшықты шалшық су жиналған. Аялдама павильонына дейін құрғақ «аралдардан» секіріп өтіп баруға болады. Сәл шалыс кетсең, бітті, шалшыққа түсіп кетесің.
ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖҮРЕТІН ЖЕР ЖОҚ
2-ші өткел мен Сұлтан Бейбарыс көшесінің арасындағы қиылыста 20 минуттай тұруға тура келді. Бағдаршаммен реттелмейтін көлік кептелісі көлік ағынынан қымтырыла өтіп кетуге мүмкіндік бермейді. Екі жолаққа көліктер әзер сиятын жіңішке жол бойымен жаяу жүргіншілер – ересектер де, техникалық гимназиядан оралатын балалар да жүруге мәжбүр. Қазір балалар мектептен жарық кезде келіп жүр, жүргізуші оларды байқай алады. Ал күн суық, тайғақты күндері ше? Ықшамаудандағы үйлердің аумақтарында да жаяу жолдар жоқ, ал үйлер жан-жақтан шалшық сулармен қоршалған.
КӨКАРНАДА ЖАЯУ ЖОЛ ЖОҚ
Мұндай ауа-райында ата-аналардың көпшілігі балаларын үйлерінде қалдыруды жөн көріп отыр.
—Тіпті, резеңке етік те балшыққа жабысып қалады. Жолды су жырып кеткен, жол жиегімен жүру қауіпті, көлік астына түсіп қалуың мүмкін. Аз дегенде басыңнан аяғыңа дейін балшық шашыратып кетеді, - деді Көкарна ықшамауданында тұратын екінші сынып оқушысы Жанелдің анасы.
Поселке тұрғындары өзара келісіп алыпты, «кезекші» ата-ана мектепке өзінің де, басқалардың да балаларын топтап мектепке апарады екен. Әйтпесе, қауіпті: шағын болса да қозғалысы көп жолда жылдамдыққа шектеу қоятын белгілер де, өткелдер мен жаяу жолдар да жоқ.
БӘРІ ЖОСПАРДА
Менің жолдаған сауалыма, қалалық ТКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі ағымдағы жылы Атырауда ұзындығы 28 км-ден асатын жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланып отырғанын айтты.
— Жұлдыз-1 және 2-ші, Мұнайшы, Өрлеу ықшамаудандарында, сонымен қатар, Дамбы, Көкарна және Тасқала поселкелерінде жаяу жүргіншілер жолдарын салу қарастырылған, - деп жазады ТКШ бөлімі бастығының міндетін атқарушы Эдуард ОСПАНОВ.
Алайда Балықшы, 1-учаске, Сарыарқа, Авангард, Привокзальный секілді бұрыннан қоныстанған ықшамаудандарда жаяу жолдардың жоқтығы өзекті болып отыр. Жергілікті тұрғындарға әзірге резеңке етік пен қараңғы кезде қол шам алып, көліктің қарсы қозғалысы бағытындағы жол бойымен жүруге кеңес беремін.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор