Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков 18 қазанда Астанаға жұмыс сапарымен келеді. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз редакциясына үкімет апарратының ақпараттық қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі Чыңгыз Эсенкулов растады. Оның айтуынша, Исаковтың сапарыҚырғызстан мен Қазақстан премьер-министрлерінің 17 қазанда телефонмен сөйлескен кезінде келісілген.
Қазақстан үкіметі әзірге екі ел премьер-министрлерінің телефонмен сөйлескені туралы және Исаковтың сапарлап келетіні туралы хабар таратпады.
Сапар Исаков Қырғызстан премьері ретінде Қазақстанға бірінші рет келейін деп отыр.
10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, нәтижесінде Қырғызстанның Талас және Шу облыстарындағы өткізу бекеттерінде адам мен көлік кезегі пайда болған. Қазақстан билігі шекарадағы тексерудің күшеюін Қырғызстандағы президент сайлауы қарсаңындағы жоспарлы шара деп түсіндірген. Бірақ сайлау аяқталғанына бірнеше күн болса да шекарадағы жағдай өзгермей тұр.
Қазақстанның шекарадағы бақылауды күшейтуін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың 7 қазанда Қазақстан билігіне қарата айтқан сынымен байланыстыратын пікірлер айтылып жатыр.
Дереккөз: Азаттық