Армения президенті Серж Саргсян мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 16 қазанда Женевада Таулы Қарабақ аймағының дауын талқылады. Серж Саргсян мен Ильхам Әлиев келіссөзді ЕҚЫҰ Минск тобының (АҚШ, Ресей, Франция) бастамасымен өткізді.
Екі елдің сыртқы істер министрлері мен Минск тобының тең төрағаларының келіссөзінен кейін жасалған бірлескен мәлімдемеде "кездесудің конструктивті түрде өткені" айтылған.
"Президенттер келіссөз процесін жандандыру және дауды шешу үшін қосымша шаралар қолдануға келісті" делінген мәлімдемеде.
ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағалары ұзақ уақыттық үзілістен соң өткен тікелей келіссөзге көңілдері толатынын білдірді. Олар Таулы Қарабақ жанжалын тараптармен бірге бейбіт реттеуде арағайын қызметін атқара беруге дайын. Тең төрағалар келіссөздің келесі кезеңінде таяу уақытта министрлер деңгейінде кездесу ұйымдастырмақ.
Армения президентінің баспасөз хатшысы Владимир Акопян Twitter-де екі ел президенттері жекелей де кездесу өткізгенін жазды.
Дереккөз: Азаттық