Жақында «Дина» базарынан қайыр сұраушыларды кездестірдім. Әсіресе, көзін тас жұмып басын шайқап, өзімен-өзі сөйлеп отырған шамамен 20 жастағы ер жігітке ерекше назарым ауды. Ал базардың күзетшісі қасына келіп, оған ол жерден тұруын талап еткенде әлгі жігіт лезде «ауруынан» айығып, сау адамдарша шауып кетті. Бірақ, көлеңкеде біраз тұрды да, кері орнына барып, қайта аурудың рөліне еніп алды.
Ал, өзін атыраулықпын деп таныстырған 70 жастағы Гүлзара АБДИКАРИМОВА «Дина» базарын тұрақты жұмыс орнына айналдырған. Айтуынша, қайыр сұрап жүріп табатын күнделікті нәпақасы 1 000 теңгенің айналасы.
- Әке-шешеміз соғыстан кейін Кавказдан осы жаққа қоныстанып қалған. Мен осы Атырауда дүниеге келдім. Менен кейінгі інілерім де, күйеуім де қайтыс болды. Қолымда тұратын балаларымның бірі аяғынан мүгедек, екіншісінің ақыл-есі кем. Күнделікті тапқаныма нан-шайлығымды аламын. Одан бөлек, 35 мың теңге зейнетақым, вокзал маңында жер үйім бар. Үйдегі барлық шығындар менің мойнымда. Өзім қант диабетімен ауырамын. Алатын дәрілерім көп. Таңнан кешке дейін осы базарда еріккенннен жүрген жоқпын, ақша жетпейді, - дейді Абдикаримова. Оған қайырымды жандар жиі азық-түлікпен де көмек беріп тұрады екен.
Келесі қайыр сұраушыны да орталық базар алдынан кездестірдім. Арбаға танылған 56 жастағы қайыршы өзін Витя деп таныстырды. Ол Ташкенттен апасымен бірге келгенін айтады. Қайыр сұраумен күніне 2 000 теңгеге дейін табады.
- Апам осы базарда жүреді. Бұл жерде өмір сүру әлдеқайда оңайырақ. Тамағым тоқ, көйлегім көк. Бірақ бұл қалаға қашан келгенім есімде жоқ. Тимур есімді жергілікті жігіт бізді жалдамалы пәтерге қондырып, тамағымызды алып береді. Құжаттарымды жасап берем деп уәде берген. Бір айдан кейін елге қайтуым керек. Көріп отырғаныңыздай саусақтарым да, екі аяғым да жоқ. Құжаттарымды жасап берсе, мүгедектік бойынша берілетін зейнетақыны аламын деген үмітім бар, - дейді Витя.
Ал, арбаға таңылған Анатоли САЯПОВ 2016 жылы «Дина» базарында сатушылықпен айналысатын Оңтүстік Қазақстанның азаматшасы оны өзімен бірге Шымкент қаласынан алып келгенін айтады. Мүгедекке тастаған қайыр садақаны әйелдің өзі алып отырады. Ол басқа жақтан келген бірнеше адамдармен бірге пәтер жалдап тұрады.
- Түскен ақшаны қалай бөлісесіздер?
- Мен ыдысыма жиналған ақшаны өзім алмаймын. Мені осы жерге әкеліп тастап кететін, тамақтандыратын, жуындырып, барлық жағдайымды жасайтын келіншек бар. Ақшаны сол алып отырады. Таңертең 8-де әкеліп тастап кетеді, кешкі сағат 6-ға дейін базар тарағанша отырамын.
- Саған берген ақшаны өзің алмасаң, қысы-жазы бұл жерде отырғаннан қандай пайда бар?
- Мен бірінші топ мүгедегі болғандықтан Атырауға тұрғын үй кезегіне қойып, кезегім келгенде пәтер алып беруге уәде берді.
Қайыр сұрайтындардың қоғамдық орындарда, көшелерде отыруы қаншалықты заңды? Бұл сұрақты мен Атырау қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руслан МАЖИТОВКЕ қойдым. Ол түсіндіріп өткендей, ҚР ҚК-ның 449-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатты қызметтер және осы секілді өзге де қызмет көрсету бойынша мазалап, өтініш білдірген жеке тұлғаларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал, осы әрекеттерді бір жыл ішінде екінші мәрте қайталайтын болса, 10 АЕК айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Аталған бап бойынша құқыққорғау органдары биыл 684 адамға тиісті шара қолданған. Тергеу кезінде олар күн көру үшін осындай әрекетке барғандығын айтқан. Ал, қайыршылардың «үстінен қарайтын» адамдар жөнінде мәлімет әзірге жоқ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор