– Қазір газдан улану оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты газ жабдықтарын техникалық тексеру жұмыстары жүріп жатыр дейді. Бұл үшін әр нүкте үшін 1 000 теңге төлем алады екен. Күзде 800 теңге еді. Бұл сонда бақылаушы үйдегі газ қазандықтарын санап, олар дұрыс орнатылған ба, жоқ па, тексеріп, акт жасап, 1 жылға шарт рәсімдеп, өз жұмысын атқарғаны үшін алынатын төлем бе? Айта кету керек, «Атырау Жарық» бақылаушылары жылына бірнеше рет тегін келіп, үйде розетка мен ажыратқыш қанша екенін, ақысыз орнатылған есептегіштің жағдайын тексеріп кетеді. Неліктен мәртебелі «ҚазТрансГаз» осылай жасай алмайды? Өзіміз сатып алып, өз есебімізбен орнатылған газ есептегішінің көрсеткіштері бойынша маусымына ай сайын 8000-15000 теңгеден төлейміз. Бүгін жазбаша түрде бас тартатынымыз жөнінде қол қойдық. Бақылаушы наразы жандар көп екенін, басшылықтың бұдан хабары бар екенін, бірақ бәрібір бұл көріністің жыл сайын қайталанатынын айтады. ҚТГ әрекеті заңды ма? Бақылаушының айтуынша, маусымдағы бұл өзекті мәселе тек мені ғана алаңдатып отырған жоқ.
«АЖ» поштасынан
Сұраққа «КҚЕО-Атырау» ЖШС директоры Асхат ЖУЛАТОВ комментарий берді:
– «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР заңы бойынша, коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге (үйішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету – ҮІГЖ ТҚ) арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануына тыйым салынады. Үкімет бекіткен газбен қамту жүйелері нысандарының қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, жылу маусымы басталар алдында тұтынушылар түтіндік пен желдету құбырларын күйеден және жылу пештері мен жүйелерін басқа элементтерден тазартуға тиіс. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мен «КҚЕО-Атырау» ЖШС-нің осы қызметтер үшін ақша алу жүйесіне ешқандай қатысы жоқ. Аталған 800 және 1000 тг туралы айтсақ, бұл мамандандырылған мекемелер тарапынан түтіндік және желдету арналарын тексеру қызметтері үшін алынатын төлем. Атырауда мұндай мекемелер бірнешеу – Сервис Аймақ-Газ, БатысгазАймақ, ГазИнвест және т.б. Түтін және желдету құбырлары жылыту маусымы аяқталғаннан кейін және басталар алдында тексерілуі керек. Ғимараттардың, үй-жайлардың түтіндік және желдеткіш арналарының, инженерлік коммуникацияларды қосу нығыздамаларының иелері олардың жарамды техникалық күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
Тұрғын үйлерде табиғи газбен жабдықтау жүйелерінің техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес, пайдаланылатын желдету және түтіндік арналары материалдарының нормативтік талаптарға сәйкестігі, түтіннің қалыпты тартылуы және бітелмеуі; тығыздығы мен оқшаулануы, құрылымының жануынан сақтандыратын бөліктерінің болуы және жарамдылығы, түтін құбыры басының жарамдылығы және жел соғу аймағынан тыс жерде орнатылуы маусымдық тексеруден өтуі тиіс. Желдеткіш және түтіндік арналарының техникалық жағдайын тексеруді мамандандырылған мекеме ғимараттың меншік иесінің (жалға алушының, жалға берушінің) немесе оның өкілінің, немесе тұрғын үй-пайдалану ұйымдарының, тұрғын үй-құрылыс кооперативінің, үй иелерінің серіктестігі өкілдерінің қатысуымен жүргізеді. Бастапқы тексеру нәтижелері актімен, мерзімді тексерулер – арнайы журналдағы жазбалармен рәсімделеді. Бұзылу анықталған жағдайда, тексеруші газ пайдаланылатын жабдықты ол жойылғанша ажыратып тастауға кеңес береді. Жөндеу аяқталғаннан кейін желдеткіш және түтіндік арналары акт рәсімделіп, кезектен тыс тексеруден өтуі тиіс. Газбен жабдықтау қондырғыларының қауіпсіздігі үшін жылытатын газ жабдығын пайдаланушыларға қойылатын талаптарды еске салғым келеді.
Түтіндік және желдету құбырлары және жылу пештері мен жүйелерінің басқа элементтері күйеден маусым басталғанға дейін, сондай-ақ пайдалану кезеңі ішінде кем дегенде:
1) үш айда бір рет - жылытатын пештер, ағынды және ыдыстағы су ысытатын құрылғылар;
2) екi айда бiр рет - үздiксiз қосылып тұратын пештер мен ошақтар;
3) тоқсанына кемінде бір рет - кірпіш және аралас (кірпіш және асбест цемент) түтіндіктер тазартылады
Жұмыстың бұл түрлері техникалық регламенттерге және мемлекеттік стандарттарға сай келетін газ жабдығы, жұмысқа жарамды және уақтылы тексеруден өткен түтіндік және желдеткіш арналары бар болған кезде жүзеге асырылады.
Шарт жасалған сәттен бастап жыл бойына газ кету анықталған жағдайда оларды жою жұмыстары тегін жүргізіледі. Қалған жұмыстар абоненттің өтінішіне сәйкес орындалады және жөндеу жұмыстарына жатады.
Кез келген газ жабдығына техникалық қызмет көрсетумен штатында газ жабдығындағы кез-келген ақауларды заманауи техника мен жабдықтарды пайдалана отырып, дер кезінде жоюға қабілетті білікті мамандары бар мамандандырылған газ тарату мекемелері айналысуы тиіс. Бұл тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдалану үшін кепілдік болады. Егер абонентте ҮІГЖ-на техникалық қызмет көрсету туралы мамандандырылған мекемемен шарт болмаған жағдайда, газ жеткізуші біржақты тәртіппен газ жеткізуді тоқтатуға құқылы.