Өткен жексенбіде Лас Вегаста болған қанды оқиға Америкадағы қару қолданысын қадағалауды күшейтудің маңыздылығын тағы бір дәлелдеді. 58 адамның өмірін қиған азаматтың жеке үйі мен қонақ үйдегі бөлмесінен өте көп қару-жарақ түрлерінің табылуы, қарапайым азаматтардың суық қаруға қол жеткізу мүмкіндіктері кең екенін тағы бір дәлелдеді. Осыған орай ВВС ақпараттық агенттігі көпшілікке көңіл айтып, оқиғаны "асқан зұлымдық" деп бағалаған Дональд Трамптың қару иеленуді реттеу саясатына қатысты пікірінің жылдар бойы қалай өзгеріп келгеніне сараптама жасады.
1990-2000 жылдар аралығында Дональд Трамп қару иелену ісін қадағалауға қарсы болғанымен, винтовкалардың сатылымына көңіл бөлу керек деп пікір айтқан. 2012 жылы Коннектикутта 20 бүлдіршіннің қазасына себепкер болған көпшілікке қарсы оқ жаудыру оқиғасынан кейін, Барак Обаманың америкалықтарға қару сатуды қатаң реттеу туралы бастамасына қолдау білдірген Дональд Трамп 2015 жылы "қару сатылымын шектеу Конституцияның кейбір пунктеріне қайшы келеді" деген республикалықтардың қатарына қосылды. 2015 жылдың қазан айында болған пікірсайыс кезінде ол мектеп, шіркеу сияқты қоғамдық орындардың "қарудан азат" (қару ұстауға болмайтын) болуы, көп адамның өміріне қауіп төндіретін қылмыстардың санын арттырады деген ой тастады.
Дональд Трамп "Бұл психологиялық ауытқушылығы бар қылмыскерлерге таптырмас мүмкіндік"деген сын айтып, "Париж бен Сан Бернардинодағы шабуылдар кезінде зардап шеккен қатардағы адамдардың қолында қару болғанда, шығын саны әлдеқайда аз болар еді" деген болжам жасады. Яғни, қазіргі Президенттің пікірінше, азаматтар өз жандарына қару ұстап жүріп, өміріне қауіп төне қалған жағдайда оны қолдана алатын болса, көп қылмыстың мәселесі бірден шешіледі.
Хиллари Клинтонға қарсы сайлау кампаниясы кезінде өзінің жеке қару ұстайтын 55 млн америкалық азаматқа қорған болатынын жеткізген Дональд Трамп соңғы оқиғалардан кейін ұлттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында, қару иелену ісіне жіті көңіл бөлуге келісіп отыр. Сарапшылар Дональд Трамп қайғыдан қан жұтып отырған халықты осылай сабырға шақыратынын жеткізді.
2016 жылы Орландода 49 адам қаза тапқан кезде, Барак Обама: "Кез келген адам қаруға оңай қол жеткізе алатын болса, оның салдары осындай болады", -деп, қару мәселесін қатаң қарастыруды ұсынған болатын.
Дереккөз: qazaqtimes.com