Теңізшевройлдың Келешек Кеңею жобасына (ККЖ) арналған барлық өндірістік жабдықтар Теңізге Еуропадан электр желілерімен, бақылау-өлшеу және автоматика аспаптарымен және тұрба бекіткіштермен жарақталған модульдер түрінде әкелінетін болады.
ӨЗЕНМЕН ЖЫЛЖЫҒАН БАРЖ
Бұл туралы 10 сәуірде Жайық-Каспий Орхусс орталығында атыраулық үкіметтік емес ұйымдарының компанияның техникалық менеджерлерімен болған кездесуінде айтылды.
- Біз жабдық шығарылатын елді атай алмаймыз, бұл жер жүзіндегі кез-келген нүкте болуы мүмкін, - деп мәлімдеді ККЖ ӨО/ҚТ және ҚОҚ менеджері Билл Форд (суретте).
Белгілі болғаны, жабдықтардың шығарылатын жері Еуропа болмақ. Ол жақтан салмағы 500-1 800 тонна болатын модульдер мұхит типтес кемелерде солтүстік және оңтүстік бағыттар бойынша жеткізілетін болады. Біріншісі – Балтық теңізі арқылы (Санкт-Петербург), екіншісі – Қара және Жерорта теңізі арқылы. Жеткізілген кемежайларда модульдерді Еділ-Дон каналы арқылы өзен жүйесімен Каспий теңізіне жеткізу үшін баржаларға тиейді (көлемі 17х95 м бір кемеге 1 модуль). Сол жерде Атырау мен Ақтау кемежайларына баржалардағы жүкті түсіреді. Соңынан модульдерді Ақтаудан Теңізге дейін теміржол көлігімен жеткізетін болады.
ТҰРБАНЫҢ БОЙЫМЕН
Ал модульдерді Атырау кемежайынан Теңізге дейін жеткізу үшін ұзындығы 220 км болатын (КТК тұрба құбырының бойымен) уақытша жүк жолын салу қарастырылған. Оны салу үшін компания «жергілікті карьерлерден материалдар мен толтырғыштар» сатып алады. Ал жергілікті материалдарды пайдалануды мүлдем азайту үшін геосинтетикалық материалдарды пайдалану жоспарланып отыр.
Ақтау кемежайын жаңартуды және Құрық поселкесінен Теңізге дейін кей жерлері ойқыш-ойқыш болған 657 км жолды қайта қалпына келтіруді қарастыратын баламалы бағыт (оңтүстік бағыттың жалғасы) та болды. Алайда модульдар тиелген техника жалпы қолданыстағы жолды жауып тастайды деп, бұл нұсқаны «әлеуметтік тұрғыда қолайсыз» деп таныды. Сондықтан теміржол көлігі пайдаланылатын болады.
Атырау бағыты - тереңдету жұмыстарын және жерүсті үйме жол салуды қарастыратын теңіздің тайызсулы бөлігі арқылы Теңізге жақын жағалау - Каспий экологиясына зиян келтіру қаупінің салдарынан қабыл алынбай қалды.
Келешек кеңею жобасының қазақстандық тобының менеджері Дэвид БРЕМФОРДТЫҢ (суретте) айтуынша, бұл әдіс негізгі құрылыс алаңындағы жұмыстардың аяқталуын күтпестен жаңа жабдықты орнатқаннан кейін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді:
- Бірқатар модульдер Қазақстанда шығарылатын болады. Олар бір жерге көп адам ресурстарын шоғырландырмай, шағын топ қылып елді мекендерге жақын жерлерге бөлу үшін бірнеше алаңдарда өндірілмек.
Алайда Бремфорд қазақстандық өндірушілер үшін қандай модульдерге тапсырыс беретінін және алаңдарды қайда орналастыратынын нақтылаған жоқ.
ҚАРА ЖҰМЫС ТА ЖЕТЕДІ
Бремфордтың айтуынша, Келешек кеңею жобасы үшін жинау жүйесіне арналған жалпы ұзындығы 300 км тұрба салу, дренаж жүйесін, мұнайға арналған 2 резервуар орнату және т.б. жұмыстарды жасау қажет болады.
- Бізге 7,5 мың жұмысшыға арналған уақытша вахталық поселке, мердігерлердің өндірістік базаларын және инфрақұрылым нысандарын салуға тура келеді, - деп мәлімдеді ол.
ТШО жұмыстың шарықтау кезінде жұмысқа15 мың жұмысшыға дейін тартуды жоспарлап отыр. Ал кеңею жобасының зауыты іске қосылғаннан кейін тұрақты негізде 500 адам жұмыс жасайтын болады. Естеріңізге салсақ, Екінші тынысты жобада қызметкерлер саны 20-25 мыңға дейін жеткен еді.
Бәлкім, ТШО жалдамалы қызметкерлер санын қысқартып, 2005 жылы қазақстандық қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге тура келген еңбек дауын қайталамау мақсатында модульдік әдісті таңдаған шығар.
ОКЛАХОМАДАҒЫ ФЕРМЕРЛЕРДЕН СӘЛЕМ
Таныстырылымнан кейін «Демос» ҮЕҰ жетекшісі Тоғжан ҚИЗАТОВА «Теңізшевройл» ЖШС-нің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімінің бас менеджерінің орынбасары Линси КРЕЙННЕН: «Компания өзінің әлеуметтік бағдарламалары аясында өзі қол ұшын беріп отырған «Раушан» шаруа қожалығынан басқа ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне қолдау көрсетуге ниетті ме? Кеңею жобасы іске қосылғаннан кейін жылына 36 млн тонна өндірілетін мұнайдың неше пайызын компания әлеуметтік жобаларға бөледі?» деп сұрады.
Соңғы сұрақты журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері ТШО-ға үнемі қояды, бірақ жауабын ала алмайтын еді. Бұл жолы да солай боп шықты:
- Мен сіздің аймақтағы ауыл шаруашылығын дамытуға деген ынтаңызды бағалаймын. Менің де Оклахомада екі фермам бар. Алайда бұл бағыт тікелей біздің өндірістік қызметімізге жатпайды. Дегенмен, болашақта, біз оны өз жобаларымызға енгізуіміз мүмкін.
«ӘКІМДІКТІ КӨГАЛДАНДЫРАМЫЗ»
ҮЕҰ белсенділерінің кеңею жобасына байланысты зиянды шығарындылардың көбеюіне және Теңіздің «жел розасына» қатысты сұрақтарына компанияның мамандары дайын болмай шықты. Олардың айтуынша, бұл сұрақтардың жауабы Қоршаған ортаға әсерді алдын-ала бағалау құжатында бар екен. Ал «Каспий табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВТЫҢ айтуынша, барлық шығарындыларды жел тікелей Каспийге ұшырып әкетеді екен.
Өткен жылы іске қосылған Атырауды көгалдандыру бағдарламасы жөніндегі сұрағыма Линси Крейн:
- Біздің жолымыз болды, себебі Теңіз кеніші елді мекендерден алыста орналасқан. Шевронның тәжірибесінде мұндай жағдай сирек болады. Атырауды көгалдандыру бағдарламасына келер болсақ, біз осы бағдарламамен таныстық және оған келіспедік. Сондықтан Теңіз төңірегіне жасыл белдеу отырғызу жөніндегі жобаға қатыспаймыз. Бірақ қаланы көгалдандыруға қатысуды қолдаймыз. Сондықтан да (күлімсіреп) Руслан (кездесуге қатысқан облыстық әкімдіктің жалғыз ғана өкілі – Л.С.) жұмыс жасайтын кеңсені көгалдандыруға 2 млн доллар бөліп отырмыз. Біз өз күшімізді Атыраудан бақтар салуға жұмылдыратын боламыз, - деп жауап берді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор