«Ақ Жайық» «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында қаралған жылыжайға инфрақұрылым жұмыстарын тегін жүргізуге қол жеткізе алмай келетін «Баянсұлу» ЖК иесі Гүлмира УНГАРБАЕВА туралы жазған еді. Кәсіпкердің мәселесі неден туындап отыр? Бұл сауалды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нариман САЛИМОВКЕ қойған едік.
Оның айтуынша, Унгарбаева 2013 жылы 3 млн теңге несие алып, жылыжайға коммуникация жүргізуді 2014 жылдан бастап тарту жоспарланған. Бірақ, сол жылы кезекте 2011 жылы несие алған басқа да кәсіпкерлер тұрды. Ал келесі 2015 жылы республикалық бюджеттен қаражат қаралмайды да, 2016 жылы қаржы бөлу жергілікті бюджеттерге тапсырылады.
- Сол кезде біз тек қана Г. Унгарбаева емес, біздің орталықпен шағын несие алған басқа да кәсіпкерлердің кәсіпкерлік нысандарына инфрақұрылым тарту жөнінде қалалық құрылыс бөліміне бірнеше рет хатпен шықтық. Бізге: «оған жауап бермейміз» деген жауапхат келді. 2016 жылы жергілікті бюджеттен қаражат тағы бөлінбеді. Енді әкімдіктен қаржылай қолдау болатын шығар. Ал бағдарлама бойынша біз жауаптымыз, - дейді ол.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы биылғы жылдың басында өз мерзімін тоқтатып, орнына «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы енді. Жаңа мемлекеттік бағдарламаның ережесі бойынша, кәсіпкерлер алатын шағын несиенің көлемі 8 мың айлық есептік көрсеткішке (18 млн 150 мың теңге) дейін көтерілді. Алайда, екінші деңгейлі банктер биылғы жылдың 11 тамызында ғана анықталғандықтан, несиеге жолдама алған 62 кәсіпкер әлі күнге дейін банкте құжаттарын ресімдеумен жүр.
Одан басқа, жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту орталығына 9 мыңға жуық адам жүгініп, 5 964 адам арнайы курстарда білім алу арқылы уақытша жұмыстарға, 4 124 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Рая ОРАЛОВАНЫҢ айтуынша, аталған бөлім 28 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді.
- Сегіз айдың қорытындысымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жағдайы төмен 253 отбасының 1 137 адамына, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы 970 отбасыдан шыққан 3 006 балаға тағайындалып, төленген.
Одан бөлек, мүгедектер 58 түрлі техникалық көмекші құралдармен қамтылып, жыл сайын шипажайлар мен әлеуметтік оңалту орталықтарына тегін жолдамалар алады, - дейді Р. Оралова.
Ал әлі күнге дейін шешімін таппай келетін мәселе - І топқа жатқызылған мүгедектердің жеке көмекшілеріне төленетін мардымсыз жәрдемақы. Бұл туралы Оралова былай дейді:
- Мүгедектер жеке көмекшілерінің өздеріне ілесіп жүрген 8 сағатқа және барлық уақытқа (қыдыру, қонаққа апарау т.б.) жалақы төлеуді талап етеді. Ал, ережеде олардың тұрған жерінен баратын пунктіне және қайтатын орнына төлеу туралы анық көрсетілген.
Ережеге өзгерістер енгізу қажеттігі туралы бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне екі рет: 2014 жылы және биыл министр Тамара ДҮЙСЕНОВАНЫҢ Атырауға сапары барысында назарына ұсынылды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суретті түсірген автор