Атырау, 20 сәуір 18:43
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жол картасына сеніп, жылусыз қалды

Сурет
3 052 просмотра


«Баянсұлу» ЖК иесі Гүлмира УНГАРБАЕВА 2013 жылы Дамбы ауылында құлпынай жылыжайының құрылысы үшін «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен AsiaCredit Bank арқылы 3 млн теңге несие алған болатын.



ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі №301 қаулысына сәйкес, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бекітілген болатын.  Оған осы бағдарламаға қатысатын кәсіпкерлерге тегін инфрақұрылым жеткізіп беру кіреді. Гүлмира кәсібі үшін 300 шаршы метр жерді бес жылға жалға алған. Бірақ, жылыжай құрылысымен қаладан қатынап жүргенде, құрылыс материалдары ұрланып кете береді. Ақыры, жобада көрсетілген тұрмыстық бөлмені үй қылып, осында көшіп келеді.

- Өз күшімізбен 12 метр болатын тас жолдың астын ұңғылатып, тұрбасын салып дайындап қойдық. Оған 200 мың теңге жойдық. Инфрақұрылым тартатын орын жылыжайдан 200 метр жерде. «ҚазТрансГазАймақ» сметалық құжатты 3,5 млн теңгеге бағалап берді. Негізі, Жұмыспен қамту орталығындағылар бізге несие алатын кезде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына кәсіпкердің құрылыс нысанына барлық инфрақұрылымды (газ, су, жарық) тегін жүргізіп беру міндеті кіреді деп түсіндірді. Қалалық әкімдікте бизнес жобамызды таныстырғанда да осы әңгімелер айтылды. Бірақ, уәделер сол күйі орындалған жоқ. Біздің бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмаған шығар?!.. Әлі күнге дейін бір-біріне сілтеп отыр, - дейді кәсіпкер. - Су таситын көлікпен әр рейсін 3 мың теңгеге тасып құйдырдық. Осы жылдың басында ғана облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қабылдауында болып, су мәселесі шешілді.

Ол құжаттар сақталған тартпадан іс-қағаздар папкасына тігілген бір бума хаттарды алып шықты. Онда жеке кәсіпкердің сол жылдары облыс әкімі болған Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТЕН бастап, жұмыспен қамту орталығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкер палатасы және қазіргі облыс әкімінің атына жазылған хаттар жиналыпты. Сондай-ақ, кәсіпкердің атына келген жауап хаттардың көбісі «Бағдарлама аясында инфрақұрылым жүргізуге республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда, арызыңыз реттік негізде  қаралатындығын қаперіңізге береміз» деп аяқталған.



Инфрақұрылым мәселесімен қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар ҚҰСПАНОВАНЫҢ алдына да бірнеше рет барған. Соңғы рет көктемде барғанда, «Тізімде тұрсыздар, жергілікті бюджеттен қаражат бөлінсе, биыл жүргізіп береміз» деген жауаппен шығарып салыпты. Бағдарламаның жыл басында тоқтағанын сонда ғана естіген.

Біз Дамбы ауылдық округының әкімі Ұзақбай БАЙЗУЛЛИННЕН осы мәселеге қатысты түсінік беруді өтіндік. Әкім кәсіпкердің проблемасымен таныс екенін, қолдан келгенше көмектесуге тырысатынына уәде етті.

- Бұрын осыған дейін Үкімет инфрақұрылымды тегін тартып беретін болды. Ал биылдан бастап оған қаржы қаралмаған. Жалпы, кәсіпкерлерді қолдау біздің міндеттеріміздің бірі. Сол үшін де бұл мәселені жеке бақылауыма алып, шешуге жұмыстанып көремін.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Суреттерді түсірген автор

20 қыркүйек 2017, 18:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.