Атырау, 23 қараша 23:13
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Махамбеттің үш мәселесі

4 810 просмотра

ҚАЛТЫЛДАҒАН ҚАЙЫҚТАҒЫ ТАҒДЫРЛАР

Жайық өзені жағасындағы  7 елді мекен - Ақжайық, Ортақшыл, Есбол, Еңбекшіл, Алға, Жетінші және Оныншы ауыл тұрғындары көпірдің азабын тағы тартуда. Олар аудан орталығы Махамбет селосына  қайықпен  қатынап өмірлерін қатерге  тігіп отыр.

Өзен жағасындағы қалтылдаған қайықтарға жас-кәрі иманын айтып, қорқынышпен отыруда. Қайықшылар болса сабырға шақырып әлек. Енді қайтсін, амал жоқ тағдырларын қайықшыларға тапсырған адамдар тәуекелге бел буған. Аудан орталығы Махамбетке келіп, кету олар үшін азапқа айналған. Бір анықтама үшін, болмаса жеке шаруалары, үкімет жұмысы дегендей, ерігіп жүрген бірі жоқ. Бірақ қатынастың қиындығын жылда айтқанымен ештеңе өзгерген емес. Махамбеттіктер тек облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ   Атырауда бірнеше көпір салғанын ғана жыр ғып айтады, бірақ соның біреуі Махамбетке бұйырмады. Қайықшылардың шіренуі бекер емес, өйткені жүзбелі көпір қалыпты күнде де тек күндіз жұмыс жасайды. Амал жоқ, қайықшыларға күндері туғандықтан олардың барына да разы.

Өту бағасын да қайықшылардың өздері белгілепті. Адам басына-100 теңге.

-Уақытша өткел салу ісін жылда айтамыз. Бірақ соның шарасы алынған емес, бір емес, жеті ауылдың адамдары осыдан мұз қатқанша көретін күндері осы,-дейді Сәуле.

Бәрінен бұрын сырқаттанған адамдарды аудан орталығына жеткізу қиын. Сырқаттар Атырау арқылы (100 шақырымдай), болмаса қайықшылардың көмегімен өзеннен өткізілуде. Махамбет аудандық ауруханасының бас дәрігері Еркін САБИРОВТЫҢ мәлімдеуінше, босануға тиісті бес әйелді мұз жібімей жеткізіп алыпты.

 

ТАЗАЛЫҚТАН МӘН КЕТКЕН

Махамбеттегі үйілген  қоқыс қалдықтары  жайылып Жайыққа жетті.

Жағалау бойларындағы ұшқан қағаз, целлофандар өзен үстінде қалықтап тұрды. Әсіресе, Шоқпаров көшесінің сырт жағындағы қоқыстар желден Жайыққа дейін жайрап жатыр. Мұндай үлкен қоқыс Х. Ерғалиев көшесінде де бар болып шықты.

-Бірнеше рет жергілікті әкімшілікке дабыл түсіргені-мізбен еш нәтиже шықпауда. Ал ұшқан қалдықтар ауламызға дейін жетуде. Бұл жерге біздің көшенің емес, басқалар да машинамен келіп, қоқыс тастап кетеді. Енді күн ысығанда шіриді ғой,-дейді Андрей ЮН, Жолдас ТІЛЕПИЕВ, Болат АМАНШИЕВ, Жадыра МҰХАМБЕТАЛИЕВА.

Жергілікті тұрғындар балаларын қоқыстан сақтандыру үшін аулада ұстап отырғандарын жеткізді. Ойын балаларын жераяғы кеңігесін тізгіндеп ұстау да қиын. Ал сиырларға қоқыстар жақсы болыпты, емін-еркін жайылып жүрді.

Тазалықпен айналысу «Махамбет» КМК-на белгіленген.

-Біз тек келісім шартқа отырғандардың сұранысын орындаймыз. Келісім шартқа отырмай, төлемақы төлемегендерге қызмет етпейміз. Ақшасын төлесін, тіпті ауласындағысын да шығарып береміз. Себебі кәсіпорын өзін-өзі қаржыландыру бағытында жұмыс жасайды. Ал көшедегі иесіз қоқыстарды шығару біздің міндетімізге жатпайды, ол селолық әкімші-ліктің құзырындағы жайт,-дейді «Махамбет» КМК бастығы Серік СЕЛБАЕВ.

Кәсіпорын бастығының сөзіне алғашындасело әкімі Қайыржан МАЖИЕВ таң қалып отырғанын жасырмады.

-Жылма-жыл қоқыс алаңы мен иесіз қалдықтарды шығаруға 2 млн.теңгеге жуық қаражат бөлінуде. Жалпы  селода иесіз жатқан он шақты қоқыс бар,-дейді село әкімі Қ. Мажиев.

СУШЫЛАР СОРЛАП ОТЫР

Махамбет селосында жыл сайын ауыз су тапшылығы  орын алуда. Әсіресе, жазғы су құбырының қалыпты жұмыс жасамауынан бақшаларын ауыз сумен суаратындар көбейіп, қысым күрт төмендеп кететіні белгілі.

Бұл жайдың себебін село әкімі Қайыржан МАЖИЕВ 1960 жылы пайдаланылуға берілген 32 км су құбырының әбден ескіргенінен деген болжамымен байланыстырды. Ескі құбырлар су қысымын көтермегендіктен апаттар жиілеуде. Ал сумен қамтушы ЖК «Сұлтанқұбиев» қарызға белшесінен батқан. Тұрғындардан алынуы тиіс төлемақы 650 мың теңге, ал қарызы 600 мың теңгедей. 10 жұмысшы ақпан, наурыз айларының еңбекақысын ала алмаған.

-Қарыздарды өтеу оңай болмай тұр, өйткені тұрғындардың 20 пайызы ғана бізбен келісім-шартқа отырған. Қалғанымен шартқа отыру үшін жүретін адамымыз жоқ, - дейді жеке кәсіпкер Рахметолла СҰЛТАНҚҰБИЕВ.

2010-2011 жылдары селода айналмалы ауыз су құбыры жүрді. Енді сол үйлерге жеткізіліп, есептегіш орнатылмақ. Ең бастысы қазіргі су тазарту қондырғысының әлі жетпейді, жаңасын салу қажет.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

11 сәуір 2012, 17:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.