Сирияда Ресейдің тағы екі әскери қызметкері - Ярославск облысынан шыққан Юрий Хабаров пен шешенстандық Магомед Тербулатов қаза тапты. Хабаровтың қаза тапқаны туралы Conflict Intelligence Team (CIT) зерттеу тобы хабарлады. Тергеушілердің мәліметінше, ресейліктер Сирияға бармастан бұрын Украина шығысында сепаратистер жағында соғысқан. Хабаровтың Сирияда келісім-шартпен қызмет еткені, әлде жалдамалы болғаны белгісіз.
Тербулатовтың қазасын "Кавказ.Реалии" (Азат Еуропа / Азаттық Радиосының жобасы) интеренет басылымы хабарлады. Тербулатов Сирияда әскери полиция болып қызмет еткен. CIT 20 қыркүйекте Ресей қорғаныс министрлігі Сирияның Идлиб провинциясында әскери полицияның 30 шақты жасағы қоршауға алынғанын хабарлағанын айтады. Министрлік құрбандар туралы еш ақпарат бермеген.
Өткен аптада Сирияда ресейлік бес әскери қызметкер, оның ішінде генерал-лейтенант Валерий Асапов қаза тапқан.
Reuters-тің мәліметінше, 2017 жылдың басынан бері ғана Сирияда кем дегенде 40 ресейлік әскери қызметкер қаза тапқан. Ресей қорғаныс министрлігі тек 10 ресейліктің қазасын растады.
Дереккөз: Азаттық